Хабар телеарнасы

Қазақстанда жол апаттарының бес негізгі себебі аталды

Қазақстанда жол апаттарының бес негізгі себебі аталды

ҚР ҰЭМ Статистика жөніндегі комитетінің мәліметтері бойынша, осы жылдың бастапқы бес айында Қазақстанда 4 178 ЖКО тіркелген, оның салдарынан алты мыңнан астам адам зардап шеккен. 2019 жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 26,6% төмендеген. Бұған басты себеп – карантиндік шаралардың енгізілуі.

Ресми мәліметтерге сәйкес, соңғы 10 жыл ішінде еліміздің жолдарында 168 136 ЖКО тіркелген. 2018 жылы жалпы оқиғалар санынан жүргіншіні басып кету 42% құраған. Көлік құралдарының соқтығысуы – 36%. Көлік аударылған апаттар, ЖКО жалпы санынан 8% тіркелген. Бөгетке соқтығысу 5% құраған, ал жолаушының аударылуы – 3%. Апаттардың статистикасын зерттей отырып Freedom Finance Insurance мамандары еліміздегі ЖКО себептерінің ең кең тараған рейтингін құрастырды. Бұндағы ең басты параметрлер: жүргізушінің рөлді басқару кезіндегі ахуалы, ауа райының жағдайы, жол жүру мезгілі және көлік басқару сапасы.

5-орын. Көлікті мас күйде басқару

ҚР ІІМ хабарламасы бойынша, 2019 жылдың қаңтар мен қыркүйек айлары арасында ЖКО-ның 3% (342) көлікті мас күйде басқару салдарынан болған. Бұл апаттарда 493 адам зардап шеккен. Барлығын алғанда, былтыр осы кезеңде 22 мыңнан астам мас жүргізуші анықталған. 17 мыңнан астамы жүргізуші куәлігінен айырылған.

4-орын. Күн райының қолайсыздығы

Құқықтық статистика жөніндегі комитеттің және ҚР Бас прокуратурасының арнайы есепке алу мәліметтері бойынша, жол апатының 7% ауа райының қолайсыздығынан болады. Күңгірт күндері 6% апат, ал қар жауған кезде 3% тіркелген. ЖКО ең төмен пайызы тұманды күндері болады, бар болғаны – 1%. Мұндай күндері жүргізушілер көлікті аса сақтықпен басқаратындықтан шығар.

3-орын. Агрессиялы басқару

ҚР ИИҚДМ мәліметтеріне сәйкес, арақашықтықты сақтамау салдарынан 8% ЖКО болады. Апаттардың шамамен 15% көліктің жылдамдығын кенеттен өзгерту, қатар бұзу және кері бұрылыс нәтижесінде болады. Тәжірибеге сүйеніп тым еркінсіп кету, асығу, күйгелектену – осының бәрі апатқа әкеп соғатын басты факторлар.

2-орын. Тәуліктің түнгі мезгілі

ҚР түнгі мезгілде болатын апаттар бар болғаны 17% құрауына қарамастан, бұған назар аудармаса болмас. Шетел сарапшыларының пікірлері бойынша, жүргізушілер үшін ең қауіпті тәуілік мезгілі 23:00 – 6:00 аралығы. Дәл осы уақытта кюветке түсіп кету, қарама-қарсы бағытта келе жатқан көлікке соқтығысу, бағана, ағашқа ұрыну немесе жүргіншіні басып кету ықтималдылығы өте жоғары.

Қала көшелері түнгі жарықтық, жол белгілері, бағдаршам және жылдамдықты бақылайтын аспаптар нәтижесінде жүруге қауіпсіз болғанымен, қаладан тыс трассаларда жүргізушіге қиындық тудыратын себептер көп.

Қарама-қарсы жол жолағына шығу нәтижесінде 14,1% ЖКО, оның ішінде 9,5% жүргізуші көлікті басқара алмаған жағдайларына жатады.

1-орын. Жылдамдықты асыру

Егер 10 жыл бұрын жүргізушілер апат кезінде қираған жолдарды кінәлаған болса, қазір жағдай керісінше. Қайта дәл осы жақсы жолдар ЖКО-ға басты себепші екендігін статистика дәлелдеп отыр. Яғни тұп-тура, тегіс жолда жүргізушілердің көпшілігі жылдамдықты межеден асырып жібереді.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, Қазақстанда тәуелсіздік жылдары 12,5 мың километрден астам автожол салынып, қайта жаңғыртылған, соның ішінде ең сапалысы 2,8 мың километрді құрайды. Осыған орай 2019 жылы апаттардың жалпы санынан 34%-і жылдамдықты асыру нәтижесінде болған.

Бұл рейтинг ресми статистика негізінде құрастырылған. Алайда ұсақ апаттар кезінде автокөлік иелері құқық қорғау органдары мен сақтандыру компанияларына жүгінбегенін ескеру қажет.