Хабар телеарнасы

Қызылордада «Адамзаттың Абайы» атты көрме ашылды

Игі іс-шараны «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы ұйымдастырған. Көрмеге ұлы ақынның досы Нифонт Долгополов тапсырған заттары қойылды. Олардың қатарында шайыр шерткен «Тұмар» домбырасы мен сыбызғысы да бар.

Мұнан бөлек, 1909 жылы Абайдың алғаш жарыққа шыққан өлеңдер жинағы жұртшылық назарын аударды. Хәкімнің қолының табы қалған тері торсық, ағаш құты, қымыз піспек секілді тұрмыстық заттар тарихи құнды жәдігерлер қатарын толықтырып тұр.

Сапар Көзейбаев, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:
- Қазіргі таңда мектеп оқушылары, сонымен қатар студенттер, мұғалімдер келіп осы көрмені тамашалап жатыр. Қызылорда облысында негізінен Абайдың музейі бірінші рет көрме ұйымдастырған. Бұл жәдігерлердің барлығы жалпы ағайын, туған-туысқандары, Абайдың тікелей ұрпақтары осы музейге өткізгендігі туралы айтылды.