Хабар телеарнасы

Отандық ғылым Президент бақылауында болады

Отандық ғылымның кешенді дамуы Президенттің жеке тікелей бақылауында болады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің жалпы отырысында айтты. Жуырда Мемлекет басшысы ғылым академиясына жоғары бедел беру туралы Жарлыққа қол қойған еді. Бұл шешімнің нәтижесінде академия мен оның құрамындағы барлық ғалымдар ғылыми жұмыстар мен түрлі зерттеулерді жүргізуде жаңа мүмкіндіктерге ие болады. Енді Ұлттық ғылым академиясы мен үлкен ғылымға қатысты барлық мәселелер Президент Әкімшілігінде шешілетін болады. Жаңа мекеме басшысын да Қазақстан Президентінің өзі тағайындайды және қызметтен босатады.

Дихан Қамзабекұлы, ҚР ҰҒА академигі:
-Бұл мәртебе біріншіден ғылымға деген мемлекеттік көзқарасты анықтайды. Екінші қаржылық-материалдық қолдау дейміз, сонымен бірге ғалымдардың түрлі әлеуметтік мәселелерін шешу. Енді бұйырса ғылымға жастар келеді. Ғылымның жаңа буыны ғылымның дамуын анықтайды деп біз солай сеніп отырмыз.