Хабар телеарнасы

Ақтөбе іргесіндегі «Бауырластар-5» шағын ауданының халқы өркениеттен тыс өмір сүруге мәжбүр

Ақтөбе іргесіндегі «Бауырластар-5» шағын ауданының халқы өркениеттен тыс өмір сүруге мәжбүр. Жер телімдері осыдан 5-6 жыл бұрын үлестірілгенімен, әлі күнге дейін электр жарығы мен көгілдір отын желісіне қосылмаған. Қарапайым коммуналдық желілері жоқ аудан халқы бар баспанаға көше алмай, дені пәтер жалдауға мәжбүр. 

Ердос Иманқұлов өндірісі жоқ, ауасы таза ауданда орналасқан жер теліміне қол жеткізген сәттен құрылысқа кіріскен. Қаланың ескі ауданындағы үйін сатып, зәулім баспана тұрғызыпты. Алайда көптен күткен қоныс тойын кейінге шегеруге мәжбүр болдым дейді. Былтыр күзде көшіп келуді жоспарлағанымен жылуы мен жарығы болмай ойлағаны жүзеге аспапты.

Ердос Иманқұлов, «Бауырластар-5» ауданының тұрғыны:
-Қыстан сәуірге дейін 120 мыңнан екі бөлмелі пәтер жалдадым. Былтыр қазаннан биыл сәуірге дейін. Сосын сәуірде амал жоқ үйіміз ұрлықтар болып жатырғасын көшіп келдік. Сәуірде келгенде олар жарыкты түгел наурызда бітіреді деген. Газды да бітіреді, береміз деді. Сол күннен бері әлі жоқ. Жарық та жоқ, газ да жоқ. Жол да жоқ. Балшықты кешіп жүреміз.

Ердос Иманқұлов көгілдір отынды балонмен тасып, электр жарығын бензинді генератордан алып отыр. Күніне жанармайға 4 мың теңге жұмсайды. «Бауырластар-5» деп аталатын ауданда ондаған отбасы өмір сүріп жатыр. 350-ге жуық жер телімі бар тұрғындар алабының өзге халқы коммуналдық желілердің жоқтығынан баспана құрылысын тоқтатуға мәжбүрміз дейді.

Сағыныш Садықов, «Бауырластар-5» ауданының тұрғыны:
-Былтыр осы уақытта айтты күзге дейін жол салып береміз, күзге дейін жарықты, газды кіргізіп береміз деді. Міне екінші жыл. 40% бар шығар осы арада. Ар жақ басында жоқ. Кабель жоқ дейді, трансформатор келе жатыр деді. Былтыр келе жатыр деп еді, әлі келе жатыр.

Қалалық әкімдік өкілдерінің ақпаратына сәйкес «Бауырластар-5» ауданына электр жарығын жүргізуге 2 млрд 736 млн теңге бөлінген. Былтыр бұл қаражаттың тең жарымы игерілді дейді. Шілденің соңына дейін алғашқы 5 трансформатор орнатылуы тиіс.

Алмас Жақсылықов, Астана ауданы әкімінің орынбасары:
-Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары өзінің мерзімімен жүріп келе жатыр. Оның мерзімі — биылғы жыл. Былтырғы жылы құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Биылғы жылы аяқталу жоспарлануда. Қараша айында толық құрылыс монтаж жұмыстары бітеді.

Көгілдір отын желісі тұрғындар алқабын толықтай қамтып отыр. Электр жарығы қосылған күні қолданысқа беріледі. Ал жол қатынасы мәселесі болса жергілікті биліктің айтуынша биыл түбегейлі шешіле қоймайды. Әзірге тек үш орталық көшеге қиыршық тас төсеу жоспарға енген. Асфальт төсеу алдағы жылдардың еншісінде.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев