Хабар телеарнасы

Айлун Заушова «Бақытты бала 2021» халықаралық байқауының жеңімпазы атанды

Үшінші мәрте өтіп отырған жарысқа биыл Ресей, Украина, Польша, Әзербайжан және Грекия елдерінен өнерпаздар қатысты. Әділқазы алқасы сынға түскен бүлдіршіндер әлем сахнасын мойындатар дарын иелері екеніне сенімді.

«Бақытты баланың» биылғы бас жүлде иегері Айлун Заушова байқауға жарты жылға жуық дайындалған. 13 жасар жеткіншек бұл сайыстың болашақ жеңістерге жетелейтін сиқыры барына сенімді.

Айлун Заушова, «Бақытты бала» байқауының жеңімпазы:

- Осы байқауға дейін өзімді барынша жігерлендіріп, көп дайындалған болатынмын. Армандарымның бірі осы байқауды жеңіп шығу болды. Арманым орындалды. Мен өте қатты қуаныштымын.

Облыстық әкімдік қолдауымен өткен байқау жеңімпаздарына ерекше сый ұсынылды. Өнерлі өрендерге жеке ән жазылып, бейнебаян түсірілетін болды. Сондай-ақ әлемнің түкпір-түкіпірінен сәлемде жолдаған Димаштың жанкүйерлері де арнайы сый әзірлеген. Ал Нұр-Сұлтан қаласынан келген Адель Кунадилова Димаштың кезекті концертінде өнер көрсететін болды.

Димаш Құдайберген, Қазақстаның Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:

- Бұл байқауда жеңілген бар деп айтуға аузым бармайды. Өйткені барлығы өте жоғары деңгейде өнер көрсетті. Бәрі бір-бірінен кем түспеді. Жеңілген адам жоқ. Енді балапандарға тек қана сәттілік тілеймін. Үлкен сахнада, өнер жолында қанатын кеңінен жайып, еліміздің мәртебесін көтеретін азамат-азаматшалар болып өссін!

Халықаралық байқауды ұйымдастыруға өңірдегі эпидемиологиялық ахуал айтарлықтай әсер еткен. Санитарлық талаптарға сай көрермен санын 30% дейін азайтуға тура келді. Дегенмен байрақты бәсекенің гала-концерті жуырда «Хабар» арнасынан көрсетіледі. Жанкүйерлер сынға түскен жастардан бөлек Ержан Максим мен Рухия Байдүкенованың өнерін тамашалай алады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков