Хабар телеарнасы

Алматыда сақ дәуірінің ескерткіштері қасақана қиратылып жатыр

Төрт қорғаннан тұратын «Ақжар» обасы 2016 жылы Алматыдағы тарихи ескерткіштердің тізіміне енген. Демек, ол қорғалуы тиіс құндылық. Алайда ғалымдар жақында ескерткіш аумағының қазылғанын байқаған.

Белгісіз біреулер екі қорғанды зақымдап, қоқысқа толтырып кеткен. «Ақжар» обасының ең ірі қорғанының диаметрі – 42 метр, ал биіктігі екі жарым метрге жетеді. Ең көп зақымдалғаны осы қорған. Белгісіз біреулер ескерткіштің жанынан шұңқыр қазып, оның бір шетін опырған. Жалпы 2016 жылдан бері археологиялық ескерткіш аумағында қандай да бір құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салынған.

Ерлан Қазизов, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері:
- Мына жерден қорғанның шығыс бөлігінің қазу жұмыстарынан зақымдалғаны анық көрінеді. Демек ескерткіштің қорғалатын аумағы ғана емес, өзі зақымдалған. Бұл жерде заңбұзушылықтың үш фактісі тіркелді: тарихи ескерткіш бұзылды, 2019 жылы әкімдік қорғанның айналасына отырғызылған талдар зақымдалды және археологиялық ескерткіш қоқыс үйіндісіне айналды.

Ескерткішті ескермегендер тағы бір қорғанға қиянат жасаған. Оның көлемі алдыңғыдан кішілеу. Жақын жерден шұңқыр қазып, ескерткіштің үстіне құм төккен. Енді бұл да зақымдалған болып саналады. «Ақжар» обасы біздің эрамызға дейінгі VII-IV ғасырларға жатады. Әзірге бұл қорғандар зерттелмеген. Археологтың айтуынша, енді бүлінген қорғандарды кешіктірмей зерттеу керек.

Ерлан Қазизов, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері:
- Егер ескерткіш зақымдалмаса, оны әзірге қалдыра тұруға болады. Ал енді қорғанның жартысы қазылған соң әкімдік оны зерттеуге қаражат бөлуі керек. Зерттеп, тарихи сыры ашылған соң, біз бұл қорғанды баланстан шығарамыз. Табылған қазбалар Алматы қаласының музейіне тапсырылады.

Төрт қорған да Наурызбай ауданының аумағында жатыр. Ескерткіштен 500 метр жерде аудан әкімдігі орналасқан. Археологтар: «Тарихи жәдігерді қиратып жатқандарды билік өкілдері қалай байқамаған?», – дейді.

Мирас Нысаналиев, Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары:
- Біз оны әлеуметтік желілерден көрдік. Сол оқыған күні жұмыстарын тоқтатып, бүгінгі күні әкімшілік шара қолданылды. Қай мекеме қазғаны анықталып жатыр. Және сол қазған жеке тұлғаға 30 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынған. Одан басқа тиісті жұмыстар құзыретті органдармен жүргізілетін болады.

Әкімдік өкілінің айтуынша, қорғандардың ішіне басқа да мәйіттер жерленген. Оларды басқа жерге ауыстырған соң ғана, зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Ал ол үшін мәйіт туыстарынан рұқсат қағаздар керек. Сондықтан қорғаусыз қалған қорғандардың қашан ғылыми игілікке айналатыны әзірге белгісіз.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әсем Көшеғұлова