Хабар телеарнасы

Ойыл ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге жаңа үй салынады

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға жаңа үй салынатын болды. Бұл үшін инженерлік желі тартылған аумақта 200 жер телімі дайын тұр. Қазір баспана тұрғызатын құрылыс компанияларымен келіссөз жүргізіліп жатыр. Жаңа үйлер негізінен су басқан Қаратал және Екпетал ауылдарының тұрғындарына берілмек.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Су тасқынынан зардап шеккен ойылдықтарға жаңа үйлер осы жерден салынатын болады. Бұл
аудан орталығының шетіндегі соңғы жылдары пайда бола бастаған шағын аудан. Мұнда баспаналардан өзге, мың жарым оқушыға арналған мектеп пен балабақша бой көтереді.

Үйлер салынатын аумаққа ауызсу және газ желісі тартылған. Енді жер кепкен соң, құрылысты бастау көзделіп отыр. Көп ұзамай жұмыс жүргізетін компания да анықталмақ.

Асқар Қазыбаев, Ойыл ауданының әкімі:
- Қазір біздер 200-ден астам үй салуға толық мүмкіндігіміз бар. Сондықтан біздер осы жерлерге, Үкіметтен енді 80 квадрат метр деп қазіргі таңда айтып жатырмыз тұрғындарға әр үй. Сол тұрғын үйлерді осы аймаққа салатын боламыз. Әр тұрғындарға 10 шаршы метр деп тұрмыз ғой. 22 млн-ға шығып тұр.

Мұнда негізінен Қаратал және Екпетал ауылдарының тұрғындарын орналастыру көзделіп отыр. Себебі тасқын кезінде екі елді мекендегі үйлердің барлығы дерлік су астында қалған еді. Ал ауыл халқы түгел аудан орталығына көшірілген.

Мейрамгүл Ақжамиева, Қаратал ауылының тұрғыны: 
- Үйіміз суға кетіп қалды. Жалпы Қаратал бойынша 98% суға кетті десе де болады. Бір 4 үй ме, 5 үй ме, жаңадан салған фундаменті биік үйлер ғана қалды. Осы районның басынан болса да, біздерге үй берсе,осы жақтан салып берсе келем мен.

Жалпы аудан бойынша 340 үйді су басқан. Бүгінгі күні соның 49-ы әлі су астында. Ойыл ауылына апаратын жол да қалыпқа келе қойған жоқ. Қазір азық-түлік пен өзге де қажетті заттар қалқымалы көпірі арқылы тасымалданып жатыр.

Дінислам Қалибеков, рота командирі:
- Біздің келу мақсатымыз
осы 60 тонналық паром яғни, өткел құрастырып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп жатқан гуманитарлық көмектерді, төрт түлік малдарды Ойыл өзені арқылы жағаға жеткізу. Қазір шамамен 450-ден адам өткізілді. Оның үшінде 12 тоннадай жүк өткізілді.

Тасқыннан келген шығынды анықтау үшін арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Ал зардап шеккен тұрғындардан бүгінге дейін келтірілген залалды өтеу үшін 286 өтініш қабылданған.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков