Хабар телеарнасы

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтар үшін 378 мың тонна гуманитарлық көмек жиналды

Бүгінге дейін елде 378 мың тонна гуманитарлық көмек жиналды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді. Қазір оның 280 тоннасы тасқыннан зардап шеккен өңірлерге жеткізілген. Жылу жинау әлі жалғасуда. Оны ұйымдастыру және жергілікті жерлерде үлестіру ісіне қоғамдық ұйымдар белсене атсалысып жүр. Бір ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының атсалысумен 204 тонна азық-түлік пен ең қажетті тауарлар жөнелтіліпті. Гуманитарлық көмектің құны — 251 млн теңге. Сондай-ақ этно-мәдени орталықтардың ұйымдастырумен құтқару жұмыстарына экскаватор, камаз сияқты 14 арнайы техника тартылған. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы да, су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға азық-түлік жеткізіп жатыр. Бүгінгі күнге дейін 860 қап ұн мен жарма, 2 тонна күнбағыс майы, 2 650 төсеніш, 28 мың тұрмыстық зат түрінде көмек жиналған. Сондай-ақ кәсіпкерлер және белсенділердің ұйымдастырумен Қостанай обылысына 100 киіз үй жіберіліпті. Ұйымдастырушылар ертеңнен бастап, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарына да осындай көмек жіберуді жоспарлап отыр. Қазір барлық өңірде волонтерлік штабтар құрылып 20 мың ерікті жұмыс істеп жатыр. Олар гуманитарлық көмекті қабылдау мен таратуға да көмектесуде. 

Айбек Досымбетов, Республикалық ұлттық волонтерлік желісінің өкілі:
-Келген көмекті қабылдап алады. Әр көмекті қажетті бөліктерге бөледі. Ең бірінші жылы киімдерді үлестірумен айналысады. Одан кейін азық-түлікті аспазшыларға үлестірумен айналысады. Бір бөлігі құрал-жабдықтарды алып құқарушыларға кетеді.