Хабар телеарнасы

Қазақстанның халық жазушысы Морис Симашконың туғанына 100 жыл

Бүгін Қазақстанның халық жазушысы, публицист,  Морис Симашконың туғанына 100 жыл. Қаламгер саналы ғұмырын қазақ жерінде өткізді. Қазақ халқының өмірін жазды, тарихи тұлғаларын шығармаларына арқау етті. Оның туындылары отандық әдебиетті байытты. Алматыда өткен әдеби іс-шарада қалам ұстаған қауым Симашконың өмірі мен еңбегі туралы сөз қозғады.

Морис Симашко Украинаның Одесса қаласында туып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Майданнан кейін Қазақстанға көшеді. Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқиды. Кейін республикалық газеттерде тілші, «Жазушы» баспасы орыс редакциясының меңгерушісі қызметін атқарды. Тілшілік пен жазушылықты қатар алып жүрді. Жазушының «Дала комиссары» пьессасы Әліби Жангелдинге, «Қоңырау» повесі Ыбырай Алтынсаринге арналған.

Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:
-Ол осы қазақ деген халықтың дәстүрін, салтын, тарихын жақсы білетінін көрсетті. Оның шығармалары бүкіл әлемдік деңгейдегі жазушылармен қатар болды. Сондықтан да оны Нобель сыйлығына ұсынды.

Қаламгердің әдеби мұрасы бай. 20-дан астам кітабы әлемнің 40 тіліне аударылды. Көзін көргендер Морис Симашконың Қазақстанды, оның көне тарихын, сан алуан табиғатын жақсы көргенін айтады. Ол тарихшылармен, археологтармен көп араласты. Романдарына керекті деректерді шебер қолдана білді. Орта ғасыр кезеңіне еркін бойлады. «Емшан» повесі мен «Маздак» романын жазды. Ал «Емшан» повесінің желісімен «Қазақфильм» киностудиясы әйгілі «Сұлтан Бейбарыс» көркем фильмін түсіріп, 1989 жылы экранға шығарады.

Аманкелді Мұқан, театртанушы:
-Өткен өмірдің қиын белестерін, кезеңдері туралы жазылған шығармалары шынында да бүгінгі таңда көрерменге қызығушылық тудырады. Себебі деректі құжат ретінде бұл шығармалар көрермен назарынан тыс қалып қойған жоқ. Сондықтан ойлаймын, бұл кісінің шығармалары сол Кеңес дәуірінде қойылса да, қазіргі күнде де өте актуалдылығын жоғалтқан жоқ.

Симашконың аудармашылық қыры бір төбе. Ол Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын тәржімалады. Осы еңбегі үшін 1986 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты алды. Ғабит Мүсіреповтің «Жат қолында» романында орыс тілді оқырманмен таныстырды. Жазушы 1999 жылы Израильге қоныс аударды. Сонда бір жыл тұрып, 76 жасында қайтыс болады.

Авторлары: А.Садуақас. С.Жұмабаев