Хабар телеарнасы

Отбасылық қылмысты әшкерелеу күшейтілді

Әйелдер мен балаларға күш көрсетілсе, енді олардың арызынсыз да, қылмыстық іс тіркеледі. Бұл Президент қол қойған «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес жүзеге асады. 

Әйелдер іштегі қорқынышын жеңіп, жаңа өмір бастауға қауқарсыз екенін айтады. Соның бірі — біздің кейіпкер.

Дариға Сарсенбаева, жәбірленуші:
-Не үшін соншалықты осындай жағдайға жеткенін түсінбеймін. Барлық айтқанын істеп отырсамда, мысалы, үйде мүгедек әкесі бар. Сол кісіге қараймын. Әжетханаға алып барамын, тосыпта отырамын. Мені де «оқытамыз, дамытамыз» деді. Мен осы адамды таңдап тұрып алдым. Соған тұрмайтын адам болғанына қатты өкінемін.

Жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 40 мыңнан астам хабар түскен. Оның 60% астамы арыз жазудан бас тартыпты.

Гүлнар Қуаныш, әлеуметтік қызметкер:       
-Көбінесе әйелдер кешірім береді. Бірақ қайтадан түсетіндер бар. Мысалы, бір әйел жылдың басында түссе, жылдың соңына дейін 2-3 рет түседі. Бізге келген әйел бар. Сол әйел 5 жыл үйде қамалып отырған. Ешқайда шықпаған. Дүкенге де, нан алуға да шықпаған. Заңға сотқа баруға қорқады. Күйеулері телефонмен қорқытады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері көп тіркелген өңірлер — Алматы, Астана, Шымкент, Түркістан, Павлодар, Қостанай. Психологтың айтуынша, даудың басы көбіне әлеуметтік тұрақсыздықтан болады.

Константин Юрьевич, психолог:
-Басты әсер етуші факторлардың бірі — ерлі-зайыптының ұстанатын позициясы. Дәлірек айтсақ, тиран және жәбірленуші. Зәбір көрушілер үшін тиімді тұсы бар, менен кете алмайды деп санайды. Әсер ететін тағы бір фактор — бала мен ата-ана қарым-қатынасы. Егер балаға күш көрсету, дөрекі сөйлеу сияқты деструктивті байланыс жасалады.

Алты айда бұл салада жалпы 460 қылмыстық іс тіркелген. Құрбан болғандар саны да аз емес. 44 ер адам, 14 әйел қаза тапқан.

Ақмарал Серікбаева, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға-инспекторы
-Осыған дейін біз арыздану сипаты бойынша ғана іс қозғайтын болсақ, қазіргі таңда бірінші шілдеден бастап ешкімнің арызы керек емес, яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық жасалу фактісі бойынша кез-келген куәгердің немесе көршілердің, бейнекамерадан алынған айғақтар, сонымен қатар полиция қызметкерінің бейне тіркегішінен алынған айғақтар арқылы бірден әкімшілік іс қозғалады.

Бұрын әйелдің арызынсыз іс тіркелмесе, енді бәрі басқаша. Заңға өзгеріс енгеннен бастап, 800-ден астам арыз-шағым түскен.Қазір барлығы тіркеліп, тиісті деңгейде қаралып жатыр.

Авторлары: Диана Қадыр, Нурлан Малгелдинов