Хабар телеарнасы

Алматылық студент жамбы атудан Қазақстанның рекордтар кітабына енді

Алматылық студент Аружан Аманкелді түйенің қомында жамбы атып, Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Ол ауылда ғана емес, қалада да саят құрып, бүркітшілікпен айналысуға болатынын айтады.

Қазір этноорталықтарға деген қызығушылық өскен. «Саятшылықтың төресі құсбегілікті дамытуға әсіресе жастар жағы көбірек атсалысса екен», - дейді Аружан.

Аружанның бүркіт баптағанына көп бола қоймапты. Дегенмен 1,5 жылдың ішінде құсбегіліктің қыр-сырына қанығып қалған. «Оған алдымен атқа құмарлығым себеп болды», - дейді өзі. 4-5 жасынан жылқыға бейімдігін байқаған атасы немересінің бетін қақпаған.    

Аружан Аманкелді, студент:  
- Ауылда өскен соң бұл дүние жат емес. Қазіргі таңда барлығы таңғалып жатады. Қыз баласысың, атта, бүркітте, түйеде нең бар деп. Бірақ мен олай ойламаймын. Қазақты танытам. Қазақстанды танытамын, көк туымды көтеремін деген кішкентай кезімнен сезім болды. Мен бәрібір спорттың айналасында, ұлттық спорттың айналасында, ат айналасында жүрем деп.

Қазір Аружан Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінің Дене шынықтыру және спорт факультетінде 2-курста оқиды. Университетке түскенде атқа міну үшін ауылға жиі барып тұратын шығармын деп ойлаған. Бірақ оны әлеуметтік желіде танып қалған этноорталықтың жетекшілері өздеріне келіп жаттығуға кеңес берген. Осында жүріп құсбегілікке, теңге ілуге ден қойды. Ал жамбыны ат пен түйе үстінде бірдей атады. Осылайша Қазақстан Рекордтар кітабына енді.  

Аружан Аманкелді, студент:
- Қазақстанда тұңғыш рет түйенің үстінде 100 метрді 12 секундта бағындырып, 3 нысанаға тигізіп, тұңғыш түйенің үстінде жамбы атқан қыз деп таныды. Шырға тартамыз. Шырға дегеніміз
түлкінің макеті. Соны атпен сүйреп бүркітті саламыз. Ол бүркіттің аңшылық қасиетін, қабілетін оятады.

Немересінің соңынан қалаға атасы Аманкелді келген. Асау түйелерді  мұрындықтап, мінуге үйреткен.  «Мен тек қана кеңес берем. Айтқанымды  Аружаным тез қағып алады. Мал мен құстың бабын бір кісідей жақсы біледі», - дейді қария.

Аманкелді Мірәбілдаев, Аружанның атасы:
- 4 жасынан бастап атқа құмар болған. Асау аттарға мінді, көкпарға барып жүрді. Басқа немерелеріме қарағанда осы Аружан қызым атқа бейім боп өзі атқа құштарлығы артты. Осы қызымды бейімдей бердім. Жалғаса берсе екен дейміз ғой осы өнер. Халық естіп, осы жерге әкеліп, бала-шағаларын қазақтың ұлттық өнеріне үйретсе екен деймін. 

Ұлттық спорт ұлтты танытады. «Сондықтан онымен айналысу қолынан келмегеннің өзінде жанкүйер болсын»,-дейді бүркітші қыз Аружан. Аружан болашақта Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысуды жоспарлап отыр.     

Қарлығаш Қайыпбекова, Сұлтан Бейсекенов