Хабар телеарнасы

Елордаға ат құлағында ойнайтын АҚШ көкпаршылары келді

Ұлттық спорт ойындарына қатысу үшін елордаға ат құлағында ойнайтын АҚШ көкпаршылары келді. «Арғымақ» ат-спорттық кешенінде көкпардан Астана мен АҚШ құрамалары арасында жолдастық кездесу болды. Бұдан бөлек, теңге ілу, қыз қуу, аударыспақ ойындары өтті. Мерекелік іс-шарада Ұлттық спорт ардагерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталып, мерекелік концерт пен қолөнер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Биыл күзде Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтетіні белгілі. Ондағы 20 ойын түрінің 12-сі - ұлттық спорт. Әлемнің 100-ден астам елінен жиыны 5 мың спортшы келеді. Демек ұлттық спортымыз әлемдік деңгейде ұлықталады деген сөз. 

Исламбек Салжанов, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті:
-Ол тек қана ұлттық спорт емес, ұлтымыздың мәдениетін, тарихымызды, ұлттық қолөнер мен салт-дәстүрімізді, ұлттық киімді, ұлттық тағамды насихаттаудың үлкен бір мүмкіншілігі. Қыркүйекке дейін жаңа ипподром салынады. Ол халықаралық стандартқа сай болады. Сол себептен біз әрі қарай халықаралық жарыстарды, бәйге болсын, ұшқыр бәйгелерді өткізуге мүмкіндік болады.