Хабар телеарнасы

Оқушылар арасында әлімжеттік өршіп тұр

Қазақстанда әрбір бесінші оқушы буллингке ұшырайды. ЮНЕСКО дерегіне сүйенсек, елдегі балалардың 60%-тен астамы зорлық-зомбылық пен кемсітушіліктің куәсі болған. Ал 40% әлімжеттікке ұшыраған. Осыған орай бізде заң күшейтілмек. Тиісті заң қазір Мәжілістің қарауында жатыр. Құжат тентектерді тезге салуға сеп бола ала ма?

Әлсіздерге әлімжеттік көрсету қазір өршіп тұр. Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары биыл бір емес, 8 мектепте сондай жағдайды әшкерелеген.

Мәселен, білім ошақтарының бірінде жоғарғы сыныптың оқушылары өздерінен кіші баланы ұрып-соққан. Ал мұны білген мұғалімдер мәселені жылы жауып қоя салған. Енді олар жауапкершілікке тартылады. Бұзық балалардың ата-аналары да жазасыз қалмайды.

Виктор Найда, СҚО прокурорының аға көмекшісі: 
- Жәбір көрген баланың ата-анасы сынып жетекшісіне осы жағдайды айтып барғанда ол қол жұмсаған оқушыларға тек ескерту беріп қана қойған. Бірақ мұғалім буллингтің алдын алу үшін белгіленген тәртіппен әрекет етіп, құқық қорғау органдары мен білім бөліміне хабар беруі тиіс еді. Алайда директор де, сынып жетекшісі мұны жасамаған.

Ал оралдық Нұргүл Мұрзалиева мұндай жағдайды болдырмау үшін мектеп мұғалімдерімен бірге әрекет еткен. Ауылдан қалаға көшіп келген олар балаларының тұйықталып қалғанын байқап, ұстаздарға дереу хабар береді. Мектеп басшылығы болса Нұргүлдің ұлдарына психологтың көмегін ұсынады. Осылайша анасы олардың бұзақылардың құрбаны болудан сақтап қалыпты.

Нұргүл Мұрзалиева, Орал қаласының тұрғыны:
- 4-сыныпқа келді үлкен ұлым. Екінші ұлым 2-сыныпқа келді. Сол мектепке келгенде енді ұл бала қанша дегенмен жаңа ортаға бейімделе алмай кішкене. Аздап қиындықтар болды. Достарымен кішкене тіл табыса алмай, ұстаздарға үйрене алмай. Ауылды жерде шағын мектеп қой. Ал мұнда үлкен орта, үлкен мектеп.

Бірақ оқушылар көп жағдайда  өзінің теперіш көргенін ашып айта бермейді. Ұл-қызының жәбірленгенін білген ата-аналар да баласын басқа мектепке ауыстырғаннан ары аса алмайды. Себебі заң жоқ. Сол себепті де жазасыз қалады деп ойлайды. Мәжілісте қазір балалардың қауіпсіздігіне қатысты заң жобасы қаралып жатыр. Бірақ оның өзінде нақты бап жоқ.

Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер вице-министрі:
- Біз бұл мәселе бойынша Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, заңға ілеспе құжаттар деңгейінде арнайы механизм әзірлейміз. Жеңіл-желпі жағдайлар болса мектептің ішінде-ақ шешіледі. Ал оқушылар бір-бірін ауыр жарақаттаған жағдайда кінәлі баланың ата-анасы жауапкершілікке тартылады.

Ауыл, аудан мектерінде қазір бұрынғыдай ювеналды полиция қызметкері отырмайды. Бүгінде олар тек үлкен қалалық білім ошақтарында ғана бар. Депутаттар: «Балалар арасында әлімжеттіктің көбеюіне бұл да әсер етіп отыр», - дейді.

Ал аталған заң жобасын кеше Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады. Алайда әлі көптеген көкейкесті сұрақтардың болуына байланысты ол Сенатқа әзірге жіберілмейтін секілді.

Дамир Берікұлы, Роза Сатқанова