Хабар телеарнасы

Жайылымдық жерлерді пайдалану талабы қатаңдатылды

Сенаторлар жер тапшылығын шешуге көмектесетін заңды екі оқылымда мақұлдады. Бұған дейін мемлекетке қайтарылған жерлердің 4 млн гектары ауыл тұрғындары мен шаруаларға беріліпті. 

Жер туралы заң бұрыннан бар. Оның қабылданған редакциясын жасауға Парламенттің бір топ депутаты бастамашы болған. Жаңа нормалар жайылымдардың жетіспеушілігіне қатысты ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған проблемаларды шешуге ықпал етеді деген сенім мол. Сенаторлар мұны неге сүйеніп айтуда? 

Бұрын 1 мың гектар жері бар адам соның 20% мал бақса, ол жерді мақсатты және толық пайдаланған болып саналатын. Жылдар бойы қалған бөлігін өзі де, өзгелер де қолданбай келді. Енді жайылымға иелік ететіндер жердің кем дегенде 50% пайдалануы керек. Егер қолындағы малы бұл межеден аз болса, мемлекет ол жайылымды алып жер алқабы жетіспейтін басқа фермерге бере алады. Қалай алады? Ол оңай.

Пайдаланылмай жатқан жерге салынатын салық 20 есеге дейін арттырылды. Демек жерге құр иелік ету мейлі кім болсын тиіссіз әрі артық шығын. Сондай-ақ заңда «қоғамдық жайылымдар» деген ұғым енгізілді. Халықтың қажеттілігіне арналған мұндай жерді ауылшаруашылығы алқаптарының басқа түрлеріне ауыстыруға тыйым салынады.

Тексерістер нәтижесі әрі заңның қатаңдатылып жатқандығы да септігін тигізіп отыр. 2022 жылдан бері ауылшаруашылығы мақсатындағы 10 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылыпты. Соның ішінде 3,4 млн гектар жайылымдық жер ауыл тұрғындарына қайтарылған. Сондай-ақ 600 мың га егістік алқап өзге шаруаларға беріліпті. 

Сұлтан Дүйсенбинов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Заңды дайындаған кезде көптеген елді қарастырдық. Соның ішінде Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан сияқты - көрші елдер. Жайылым ең маңызды ресурс болып табылады. Орман қоры бойынша қоғамдық жайылымдар, шалғай жайылымдар осы заңда қарастырылған.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы: 
- Жайылымдардың халыққа қолжетімділігін қамтамасыз етуге және оны ұтымды пайдалануға арналған жаңа ережелер топтамасы мақұлданып отыр. Қаралған заң жайылымдарды басқару, пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге, сондай-ақ елімізде ауылшаруашылығын дамытуға өз үлесін қосады деп сенеміз.

Сол қайтарылған жерлер есебінен Қарағанды облысында бүгінге дейін ауыл азаматтарына 18 мың гектар жер беріліпті. Оның 6 мыңы Шет ауданында. Соңғы жылдары мұнда мал өсірушілер көбейген. Кезінде заңсыз берілген телімдерді қайтару жұмыстарының белсенді жүріп жатқанына тұрғындар қуанышты. 

Батырхан Кәдірбек, Нұраталды ауылының тұрғыны:
- Мал шаруашылығына жайылым былай да аз. Жоқ деп те айтуға болады. Біз сияқты шаруа қожалықтарына 100, 200 гектар жер табылмай отыр.

Мақсат Жумкин, Шет ауданы әкімінің орынбасары: 

- Бүгінгі таңда аудан бойынша 262 учаске жер басқару департаментінде қайтарылу үстінде жатыр. Осындай жұмыстардың ішінде кезінде алып кеткен, көшіп кеткен, қайтармай отырған Нұраталдының азаматтары да бар. Қайтарып жатқандар да бар, оны біз департамент арқылы қайтару жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 

Сонымен қатар орман және табиғат қорғау мекемелері жыл сайын әкімдіктерге мал жаюға және шөп шабуға болатын жайылымдар мен орман қоры туралы ақпарат беруге міндетті. Жергілікті билік сол дерек негізінде жерді басқарады. Былайша айтқанда ауылдағы мал саны мен шөп қорына қатысты жұмысты үйлестіреді. Сондай-ақ Сенатта жайылымдардың тозуы мен шөлейттенуі, жерлердің сулануы мәселелері де сөз болды. 

Аманғали Бердалин, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары: 
- Біз «Гипрозен» деген мекеме аштық. Ол мемлекеттік институт сол топырақтың құнарлылығын зерттейтін. Оның жұмысын жүргізу үшін мамандармен бірігіп, 2023-2030 жылға жол картасын жасадық. Оның мақсаты – жерлердің барлығын зерттеп, қалпыны келтіру бойынша жерлерді қайтадан жұмыс жасау.

Соңғы есепке сәйкес, қазір Қазақстандағы тозып қалған жердің көлемі 29 млн гектарға жеткен. Оны қалпына келтіру бойынша бұған дейін де жекелеген зерттеулер жүргізіліпті. Нәтижесінде құнарлылығын 15-20 пайызға дейін арттыруға қол жеткізген. Демек топырақтың тозуын тоқтатуға болады.