Хабар телеарнасы

Журналистік этика мәселесі көтерілді

Журналистика – жауапкершілігі жоғары мамандық. «Журналистік этика» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осылай деді. Ақпарат ағынында еңбек етіп жүрген тілшілер қауымының тәуекелі көп. Еңсерер қиындығы да бар. Жиында сала майталмандары медиа кеңістіктегі этикаға қатысты ойларын ортаға салды. Цифрлық медиа дамыған сайын қазіргі журналистика да көштен қалмауға тырысып бағуда. Алайда көпшілік кәсіби журналистер мен блогерлерді ажыратудан қалды. Кәсібилік жоқ жерде этиканың болуы да екіталай. Тіпті нақты тексерілген не шындыққа жанаспайтын ақпараттың ара-жігін ажыратпайтындар бар. Бұл тұста сала министрі бүгінгі қоғамда фактчекинг ұғымдарын түсіндіру маңызды екенін айтты. Сондай-ақ әр редакцияда фейк ақпараттармен жұмыс жүргізетін арнайы мониторингтік топтар құру қажеттігі айтылды.