Хабар телеарнасы

Гаджет тәуелділігіне тосқауыл бар ма?

Ертеңнен кешке дейін гаджетпен отыратын балалардың сөйлеу қабілеті төмендейді. Ойлау деңгейі нашарлайды. Қоршаған ортамен қарым-қатынасы азаяды. «Қазір 4-5 жастағы бүлдіршіндердің арасында гаджетке тәуелділік бар. Сондықтан дәрігерлер балаларды одан тез арада ажыратып алмаса, соңы жақсылыққа апармайды», — деп дабыл қағып отыр.

Гаджетке тәуелділік емделеді. Ең бастысы, балаға оның зиян екенін айтып, көзін жеткізе білуге тиіспіз. Ал дер кезінде қолданбасақ денсаулығын қайта қалпына келтіре алмай қаламыз. Алматыдағы психикалық сауықтыру орталығының мамандары осылай дейді. Дәрігердің айтуынша, біріншіден, балаға гаджеттен ата-анасы маңызды болуы керек. Яғни әке-шеше перзентін өзіне қарата білуі керек. Ұрпағының психикасының дұрыс болуы алдымен солардың міндеті.

Сапар Рахманшеев, психикалық денсаулық орталығының директоры:
-Біз баламен келісуіміз керек. Қазіргі баланы алдаудың керегі жоқ. Баланы алдасаңыз, ол керісінше сіз бермеген мәліметіңізді даладан немесе ғаламтордан тауып алады. Сондықтан баламен біз ашық сөйлесіп келісімшартқа отыруымыз керек.

Психикалық денсаулық орталығы қалалық білім басқармасымен бірге 3 мыңнан аса оқушыға сауалнама жүргізді. Қазір мамандар сараптама жасап жатыр. Соның нәтижесінде балаларды гаджеттен ажыратып алу жолдарын қарасатырады.

София Әбілдаева, психиатр дәрігер:
-Ата-ана мен бала арасындағы келіспеушілікке осы телефон себеп. Адам кінәні алдымен өзінен іздеуі керек. Гаджетті алып әперген, интернетті қосқан, оған қоса қадағалауды азайтқан баланың әке-шешесінің өзі емес па? Яғни барлық жағдайды жасап қояды. Гаджетке тәуелділік деген диагноз жоқ әрине. Бірақ білесіз бе, дұрыс ұйықтамау, дұрыс тамақтанбау, қозғалыстың жоқтығы денсаулыққа нұқсан келтіреді. Соңы созылмалы ауруларға апарады.

Балалар гаджетті білім алу үшін ғана қолдануы тиіс. Соның өзінде 7 жастан 12 жасқа дейін 1 сағат қолдануы керек. Ал 12 жастан 18 жасқа дейін 2 сағат ұстағаны жөн. Дәрігер кеңесі осындай. Сонда ғана өздігінен ойлау қабілеті дамып, қызығушылығы оянады.

Зураш Нұрғисақызы, қала тұрғыны:
-Алдына подставкаға қойып 7-8 айлық балаға телефон беріп қойған. Ана бала жыламаса болды. Мамасы, папасы өздерімен өздері. Бала бір сағат телефоннан көзін алмады. Енді бұл деген сұмдық нәрсе ғой.

Іңкәр Сотсиялхан, қала тұрғыны:
-Бала телефонға қарағаннан кейін, оның миы дамымай қалады ғой. Бір сөзбен айтқан кезде бір нүктеге қарап отырса, баланың миы жұмыс жасамайды.

Телефонның экраны өте кішкентай. Әсіресе одан ойындар өте ұсақ көрінеді. Миға үнемі салмақ түсіп тұратындықтан, демалып үлгермейді. Қазір психикалық денсаулық орталығында 2 жарым мыңға жуық бала мен жасөспірім тіркеуде тұр. Жиі кездесетін диагноз аутизм мен шизофрения.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сұлтан Бейскенов