Хабар телеарнасы

Өткен жылы 10 млн астам әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесілді

Біздің жүргізушілер жүгенсіз болып бара ма дерсің? Былтыр көлік тізгіндеген отандастарымыз 4 млн рет жылдамдықты асырып, тәртіп бұзған. Оның сыртында 2 млн мәрте өзге де жол ережесін бұзу тіркелген.

Жалпы 2023 жылы елімізде әкімшілік құқықбұзушылықтар саны 20% артыпты. Кей заңбұзушылық түрлері төмендеген.

2023 жылы елімізде 10 млн астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркеліпті. Соның жартысынан көбі жүргізушілердің қатысуымен болған. Олардың арасында жеке рекорд орнатқандары бар.

Мәселен, Тараз қаласының тұрғыны бір айда 54 рет жол ережесін бұзған. Жылдамдықты шамадан тыс арттырған автокөлік жүргізушісіне 2,5 млн теңге айыппұл салыныпты.

Қайсар Сұлтанбаев, әкімшілік полиция комитетінің төрағасы: 
- Әр құқықбұзушылықтың өз деңгейі болады. Ауыр құқықбұзушылықтар болып жатса, ол жерде тек қана айыппұл салу емес, жүргізуші куәлігінен айыруға дейін, қамауға алуға дейін шаралар қолданып жатады. Ұсақ-түйек жол жүру ережелерін бұзу кезінде ескертумен шектелу әкімшілік кодексте көзделген. Былтыр 597 мың көлік жүргізушілері ескертумен шектелген болатын.

Көліктерді есепке алмасақ, көшелерде жасалатын қылмыстар төмендепті. Сандарды сөйлетейік. «Кісі өлтіру мен бұзақылық 30% азайған. Қарақшылық, тонау мен ұрлық 14% кеміген», - дейді мамандар.

Дегенмен құқықбұзушылық толық жойылып кетті деуге әлі ерте. Мас күйінде жүрген 187 мың адам ұсталып, ұсақ бұзақылық жасаудың 17 мың, тыныштықты бұзудың 95 мың фактісі анықталыпты.

Ақерке Ахпанбаева, «Жаңа адамдар» қоғамдық ұйымының өкілі: 
- Сынған орындықтар, аударылған қоқыс жәшіктері, боялған қабырғалар соның салдары екеніне сенімдіміз. Өзіміздің үйміздегі мүлікті біз себепсіз құртпаймыз ғой. Ендеше неге көшедегі мүлікті құртудамыз?

Қарлығаш Бекпатшақызы, «Дүниежүзі қазақтары» қауымдастығының Астана филиалының басшысы: 
- Олай болмайды, тәйт деп кішкене тыйу керек. Сондай кезде үлкендердің сөзін тыңдайды. Бұл жерде үлкендерде қоғамда рөл ойнауы керек деп ойлаймын. Кішкентай нәрседен үлкен дауға айналып кетіп, өткенде көрдіңіздер, автобустағы төбелестен адам шығыны болды. Қандай өкінішті жағдай. Сондықтан біз көпшілік орындарда өзгені де, өзімізді де сыйлауымыз керек.

Сыйлауды сылтау қылып, кейде ереже бұзған жүргізушілер тәртіп сақшыларына пара ұсынатын әдеті бар. Қазір мұндай фактімен жеке күрес жүргізіледі екен. Тіпті арнайы статистика да бар.

Қайсар Сұлтанбаев, ҚР Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің төрағасы: 
- Былтыр пара берудің 127 фактсы анықталды. Сол бойынша бүгінгі күнде қылмыстық істер тергелу барысында.

Айта кетейік, еліміз бойынша қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күнделікті 14 мың адам жұмылдырылады . Олар полиция мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері. Кейде бұл іске волонтерлар да атсалысады.

Ердәулет Ыбырайұлы