Хабар телеарнасы

Елде балыққа сұраныс аз

Елімізде балық өсіру көлемі, тұтыну көлеміне тікелей байланысты. Өйткені нарық заманында ұсыныстан бұрын сұраныстың жүретіні сөзсіз.

Мәжілісте «Акваөсіру мәселелері» туралы заң жобасы таныстырылды. Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиевтің айтуынша, балыққа деген сұранысты қолдан көбейту үшін отандық комбинат өнімдерін мектептер мен емханаларға, өзге де мекемелерге мемлекеттік сатып алу арқылы өткізу керек. Акваөсіруді цифрландыру аясында ақпараттық мониторинг жүйесін енгізу көзделген. Жүйе аквамәдениетті дамыту жағдайын, мемлекеттік ынталандыру шараларын, су айдындарын құжаттандыру дерегін бағалайды. Жалпы алғанда көлеңкелі балық саудасының алдын алады.

Нұркен Шәрбиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі: 
- Осыған байланысты жұмыс тобы құрылды. Оған мемлекеттік органдар, қоғамдық және ғылым ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ бизнес субъектілер кірді. Жұмыс тобының отырысында заң жобасы талқыланып, қоғамдық тыңдаулар өткізілді.

Заң жобасында су айдындарын конкурстық негізде және конкурстан тыс беру тәртібі қарастырылған. Балық шаруашылығымен айналысамын деген кез келген кәсіпкер бизнес жоспарын таныстырып, қаржылық мүмкіндігі барын құжат жүзінде растауы қажет. Ал инвесторларға қойылар талап: өндіріс орындарын салу, балық өсіру мен импорт алмастыру көлемін арттыру.

Құжатқа сәйкес конкурстық негізде берілетін су қоймаларын электрондық порталдағы бәссауда арқылы 5 жылдан 25 жылға дейінгі мерзіммен ұсыну жоспары бар. Ал халықаралық және республикалық маңызы бар су айдындарын ірі инвестициялық жобаларға конкурсыз-ақ беру ұсынылады. Бірақ инвестиция көлемі 150 мың АЕК төмен болмауы керек. Бұл шамамен 554 млн теңге. Алайда Мәжіліс депутаттары вице-министрдің баяндамасы мен қойылған сауалдарға берген жауабын мардымсыз деп санап, заң жобасын жетілдіру керек екенін айтты.

Алматы облысындағы балық өсірумен айналысатын шаруалар Үкіметтен субсидия алу және тауарлы балықты саудаға шығару мәселесінде бірқатар кедергі туындап отырғанын айтады. Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласында орналасқан «Патша» балық шаруашылығы өткен күзде жалпы құны 150 млн теңге болатын тағы бір зауытын іске қосты. Үкімет құрылысқа кеткен қаржының 25% субсидиялауы тиіс еді. Алайда шаруашылық басшысы Мәрлен Тұрсынәлі әлі күнге дейін өзіне тиесілі демеуқаржыны ала алмай жүр.

«Тауарлы балықты сауда-саттықа шығару, балық ауруларымен күрес мәселесінде де көптен шешімін таппай келе жатқан түйткілдер бар. Сондықтан біз Үкіметтен ірі қалалар мен аудан орталықтарынан фермерлік дүкендер ашуға жер беру, жоғары оқу орындарынан балық шаруашылығына маман даярлайтын бөлімдер ашу мәселесін сұраймыз», - деді шаруа. Мәрлен Тұрсынәлі басқаратын бұл шаруашылық жылына 500 тонна форель, сазан және бекіре балығын өндіреді. Олар алдағы жылы шаруашылықтың өндірістік қуатын екі есе арттыруды көздеп отыр.

Мәрлен Тұрсынәлі, балық шаруашылығының басшысы: 
- Былтырғы жылы біз 150 тонна балық шаруашылығын реализация жасадық. Ал сол реализация жасаған, кеткен шығынымыздың әлі біз субсидиясын алмадық. Сонымен қатар біз енді балық өсірдік. Оны халыққа жеткізіп беру жұмыстарын қалай жүргіземіз? Сол базарлардың жанынан Президенттің өзі тапсырма берген фермерлік магазиндер ашу бойынша. Біз осы жергілікті әкімшіліктерге сол Президенттің айтқан тапсырмасы бойынша хабарластық. Бірақ ешқандай реакция жоқ. Өндірген өніміміз халыққа қолжетімді болса деген ойымыз бар.

Халық арасында балық тұтыну мәдениетін барынша дамыту керек. Сонда дұрыс тамақтанатын салауатты ұрпақ қалыптасып, жұртшылық көптеген дерттен аулақ болады. Осындай пікірмен павлодарлық спорт қауымдастығы бөлісті. Фитнес-жаттықтырушылардың айтуынша, ақуыз, фосфорға және өзге де дәрумендерге бай балық өнімдері әр отбасының дастарханынан табылған абзал. Десе де су маржандарын мүлдем жемейтін балалар көбейіп барады. Бұған жол бермеу үшін бірінші кезекте балабақша мен мектептердегі ас мәзірінде балық тағамдарын әрдайым болуы шарт. Ақпараттандыру жұмыстарын көптеп жүргізген де жөн.

Ал балық немесе балық өнімдерінің нарықтағы қолжетімділігін арттырып, бағасын тұрақтандыру үшін кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын күшейту керек. Сонда дүкен сөрелерінде бағасы қалта көтеретін сапалы әрі пайдалы өнімдер көп болмақ.

Сара Байғұлова, фитнес-жаттықтырушы: 
- Сиыр еті адам ағзасына 5 сағаттың ішінде сіңеді. Ал балыққа небары 2-3 сағат керек. Бұл – жеңіл әрі денсаулығымызға аса қажет дәрумендерге бай. Оның құрамында ақуыз, магний, фосфор да жеткілікті. Жалпы біздің ағзамызда В тобының дәрумендері тапшы. Көбіміз ағзаны қоректендіру үшін дәрі-дәрмек ішеміз. Бірақ дәріден гөрі балық өнімдерінің пайдасы әлдеқайда жоғары.

Жалпы әлемде балық тұтыну бойынша әдеттегідей Жапония көш басында. Күншығыс еліндегі көрсеткіш жан басына шаққанда жылына 65-70 келіге тең.

Саланы дамыту үшін қазақстандықтар жылына жалпы 200 мың тоннадан астам балық тұтыну керек. «Мұндай сұраныс болмаса, балық өндірісінен түсер пайда көк тиын», - дейді мамандар.