Хабар телеарнасы

ЖОО-лар студенттерді жатақханалармен қамтамасыз етуге міндетті болады

Елімізде енді ғимаратын жатақхана ретінде ұсынатын кәсіпкерлерге талап күшейеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты. Ведомство басшысының сөзінше, студенттер орналасатын хостелдер мен қонақүйлерге өрт және санитарлық қауіпсіздіктерімен қатар 15 түрлі талап қойылады. Одан бөлек олар жылына 2 рет тексеріледі.

Қазір елде 20 мыңдай шәкірт хостелдерде тұрып жатыр. Ал тағы 17 мыңнан астам студент пәтер жағалап жүр. Осы тұста айта кету керек, алдағы оқу жылынан бастап жалпы білім алушылардың 70%, ал 1-курс студенттерінің барлығын жатын орынмен қамтамасыз ете алмаған жоғары оқу орындарының сертификаты кері қайтарылады. Министр: «Бұл да жатақхана тапшылығын жоюға сеп болады», - дейді.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Биылдың өзінде 43 жатақхана салынып жатыр. Оның 33 қазіргі таңда толыққанды енгізілді. Студенттеріміз тұрып жатыр. Қалған 10 осы бір айдың ішінде енгізіледі. 10367 төсек орынды қамтамасыз етеміз биылдың өзінде. Жалпы 17 мың төсек-орын тапшылығы 1-2 жылдың ішінде толыққанды жабуға жоспарымыз бар.

Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін толық пайдалана алмай отыр. Оған бірқатар кедергі бар. Жүк тасымалынан табыс табуға қолбайлау болып отырған мәселелердің бірі – өткізу бекеттерінің баяу жұмыс істеуі.

Көліктер шекарада сағаттап кезек күтуге мәжбүр. Салдарынан көрші елдердің кәсіпкерлері бізді айналып өтуге тырысады. Мәселен, Қытайдан Еуропаға жыл сайын теңіз жолымен 1,6 млрд тоннаға дейін тауар тасымалданады. Алайда соның тек 1% жетпейтін бөлігі Қазақстанның автомобиль жолдарымен өтеді. Қажетті жағдайды жасай білсек, бұл көрсеткіш жуық арада 3 есеге өсіп, еліміздің экономикасына 263 млрд теңге қаражат түсуі мүмкін.

Келесі проблема – жол бойындағы сервис өте нашар. Тіпті жоқтың қасы. Премьер-Министр Әлихан Смайылов жауапты органдар мен облыс әкімдеріне аталған мәселелерді реттеуді тапсырды.

Айта кетейік, Қазақстан арқылы 8 халықаралық көлік дәлізі өтеді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Жүктер мен құжаттардың тым ұзақ тексерілуі де наразылық тудырады. Қаржы министрлігі, шекара қызметі мен Ауыл шаруашылығы және Көлік министрліктерімен бірге өткізу пунктерінің өткізу қабілетін ұлғайтудың нақты шараларын әзірлеуі тиіс. Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, өткізу пунктерін толық цифрландырып, барлық ақпараттық жүйелерді интеграциялау қажет.