Хабар телеарнасы

Елімізде алғаш рет әйелдер полиция бөлімшесі құрылды

Онда тек қыз-келіншектер жұмыс істейді. Енді зардап шеккен әйелдер осындай учаскелерге барып, өзін қорғауды сұрай алады. Пилоттық режимде бастау алған жоба алдағы уақытта бүкіл Қазақстан бойынша енгізіледі. Мұны Орталық Азия әйелдері диалогының халықаралық конференциясында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты. Төменгі палата спикерінің сөзінше, біздің елде соңғы жылдары отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты бірқатар жұмыс атқарылды. Мәселен, заңнама күшейді. Енді жәбір көрген қыз-келіншектердің арыздануы міндетті емес. Куәгердің немесе бейнебақылау камерасындағы жазбаның көмегімен іс қозғала береді. Одан бөлек тергеушілер қатарына 300-ге жуық әйел қызметкер қосылған. Енді арнайы Заң қабылданады.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Заң жобасын әзірлеп, Үкіметке жолдадық. Үкіметтен оң қорытынды күтіп отырмыз. Ол заңнамада негізгі жаңашылдықтар, бұлар: жалпы ұрып-соғуды қылмыс деп тану жеңіл-желпі зиян келтірсе денсаулыққа оған жазаны күшейту, оны да қылмыс деп тану. Харассмантқа байланысты жазаны күшейту. Сонымен қатар педофилияны өмір бойына бас бостандығынан айыру секілді нақты нормалар қарастырылған.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
-Президенттің бастамасы бойынша биыл елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілік күшейтілді. Отбасында ондай жағдайларды болдырмау үшін халық арасында құқықтық мәдениет қалыптастырып, төзбеушілік принципін ұстануымыз қажет. Мемлекет басшысы айтқандай, заң мен тәртіптің үстемдігі жүруі керек.