Хабар телеарнасы

Ауа райы қолайсыздығынан жүздеген адам жолда қалды

Елімізде бірнеше күннен бері ауа райы қолайсыз. Қазақстанның басым бөлігінде боран соғып, жүздеген адам жолда қалды. Ал бүгін біраз жерде күн күрт жылынып, көше көктайғаққа айналды. Тіпті аяз бен ақтүтектен көз ашпайтын Астананың өзінде жауын жауды. Ауа райына байланысты кешеден бастап барлық қызметтер күшейтілген жұмыс кестесіне көшті.

Бұл кеше кешке Астанада болған жағдай. Бас қаланың өзінде бірнеше көлік қар құрсауында қалып қойған. Ал бүгін күн күрт жылынып, көктайғақ халықты әбігерге салып жатыр. Кісілер мен көліктердің жүріп-тұруы қиындаған. Медицина мекемелеріне 100-ден астам түрлі жарақатпен түссе, өткен тәулікте 250-ден астам жол апаты болыпты. Ал аймақтардағы ахуал тіпті қиын. Омбы қарда қар күрейтін көліктердің өзі батып қалған.

Күн райының қолайсыздығы әсіресе, науқас адамдар мен ай-күні таяп отырған жүкті әйелдерге ауыр тиіп тұр. Мәселен, өткен түнде Қорғалжын ауданынан аяғы ауыр 2 келіншекті Астанаға қарай алып шыққан жеңіл көлік жолда қалып қойыпты. Оларға көмекке елордалық құтқарушылар барды. Екеуі де есен-сау перзентханаға жеткізілген. Төтенше жағдай қызметкерлерінің сөзінше, жолда машинасын тастап, жаяу кеткендер де көп.

Өткен түнде еліміздің 11 облысында 66 жол бөлігі жабық тұрды. Салдарынан жүздеген көлік, мыңдаған адам жолда қалды. Бірақ оларды құтқарушылар мен полицейлер діттеген жерлеріне арнайы техникалармен апарыпты. Айталық, Қарағанды облысының Бұқар Жырау ауданында жолдағы 178 адам Теміртау қаласына аман-есен жеткізілген. Оның 12-сі бала.

Ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боран Шығыста да бар. Жауапты ведомстволардың ескертулеріне қарамастан жолға шыққан көліктер бір-бірімен соқтығысып жатыр. Глубокое ауданындағы сондай апаттардың біріне құтқарушылар тартылып, көлік ішінде қысылып қалған кісілерді шығарып алды. Ал кеше Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы жедел жәрдем қызметкерлерінің жанкештігі есіңізде болар. Жүрегі сыр берген науқасқа көмек көрсету үшін омбы қарды кешіп отырып барған медицина мамандарының ерен ерлігі елеусіз қалмайтын болды. Оларды Денсаулық сақтау министрлігі марапаттамақ. Қолайсыз күн райы қашанға дейін созылады? Қазгидромет не дейді?

Лаура Қанатқызы, «Қазгидромет» РМК синоптигі:
-Скандинавиялық циклон бірте-бірте елімізден ығысатын болады. Бірақ Қазақстанның басым бөлігінде бұрқасынды ауа райы, екпінді жел, көктайғақ құбылыстары сақталады. Содан кейін температура еліміздің солтүстік жартысында түнде 20-28 аязға дейін, күндіз 15-20 градус аязға дейін айтарлықтай төмендейді.

Яғни ертең күндіз де солтүстік өңірлерде осындай күн райы сақталып, кешкісін аяз түсе бастайды. Ал екпінді жел оңтүстікке қарай ауысады. Иран жақтан келген циклон күнгейге жауын-шашын, дауыл мен көктайғақ әкеледі деп күтіліп отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Руслан Тәуірше