Хабар телеарнасы

Үлкен Нарын, Марқакөл, Мақаншы аудандарын құрудың стратегиялық қыры қайсы?

Жалпы еліміздің Шығыс өңірінде жаңа аудандар құрылатынын Мемлекет басшысы жазда мәлімдеді. Ұлттық құрылтайда айтылған сөз нақты іске айналып, жаңа жылдан бастап жаңа аудандар дербес тіршіліктерін бастайды. Жалпы бұл бастаманың мәні сол, ол әкімшілік-аумақтық ұйымдастыру жұмыстарының шеңберіндегі шаруа ғана емес. Стратегиялық маңызы бар. Ендігі сөзді сараптамалық орталықтан Берік Дүйсенбай жалғасын. Үлкен Нарын, Марқакөл, Мақаншы аудандары құрудың стратегиялық қыры қайсы? Қандай өзгеріс күтіледі?

Бұл өлкелерден біраз жұрт үдере көшіп кеткен, қазір осы жаңалықты естіп, туған жерлеріне қайта оралуға ниеттілер саны мыңнан асып жатыр. Жалпы көрші мемлекетпен шекарадағы елді мекендердің иен қалуы қауіпсіздікке сын екенін бағамдау қиын емес.

Шекаралас өлкелердегі ауыл аймақтардың тұрмысы тұралап, тұрғын саны азайып кеткені бұрыннан мәлім. Көрші мемлекеттермен шектесетін 65 аудан болса, соның 40-да халық санының азаюы байқалады. Мәселен Шығыстағы қазақтың Швейцариясына баланған Катонқарағайдағы халық саны 99-жылы 45 мыңнан асса, қазір 22 мың адамға жетер жетпес. Күршім, Үржар ауданының Мақаншы жағында да осы жағдай. Тұрғындарға жерұйық іздеп жұртын тастап көшкеннен басқа қайран қайсы? Асқынып тұрған ахуал Ақордаға жеткен соң, жазда Президент мәлімдеме жасаған еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-«AMANAT» партиясы бірқатар шекаралас ауданды қалпына келтіру туралы бастама көтергенін білесіздер. Үкімет менің тапсырмаммен бұл мәселені пысықтады. Мен соған сәйкес Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы негізгі шешімді қабылдадым. Әрине, бұған арнайы дайындық керек. Қажетті есеп-қисабын жасап, қаражатымызға, бюджеттің мүмкіндігіне қарауымыз керек. Тиісті жұмыстың бәрін биыл аяқтап, алдағы екі жылдың ішінде осы үш ауданды қалпына келтіре бастаймыз. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан қарасақ та, өте маңызды мәселе. Осы мәселені көпке созбай, шешуіміз қажет.

Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Біз осы сұрақты шекаралық аудандардың ахуалын айтып, жиі мәселе көтеретін Ерлан Сайыровқа қойдық. Мәселен жаңағы үш ауданды алып қарайтын болсақ, олар Қытаймен шекарада.

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Қытай Халық Республикасында дәл осы аудандардың арғы жағында зәулім сарайлар, қалалар салынып жатыр. Сонымен бірге Қытайдан тікелей инфрақұрылым келіп, Қазақстанның шекарасына әкеп тіреп қойған. Оның ішінде жол да бар. Міне осының барлығы халыққа моральдық психологиялық тұрғыда кері әсер етеді. Ал біздің жақтан Қатонқарағай, Марқакөл Мақаншыдан халық керісінше көшіп жатыр. Енді бір қызығы, Президент 3 аудан ашылады дегеннен кейін ол жақтан көшу тоқталды. 

Хош сонымен 2024 жылы еліміздің шығыс өңірінде жаңа аудандар құрылады. Атап айтқанда Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағай ауданын бөлу арқылы – Үлкен Нарын ауданы, Күршім ауданын бөлу арқылы – Марқакөл ауданы құрылады. Сол секілді Абай облысындағы Үржар ауданынан Мақаншы ауданы бөлініп шығады және Семей қаласының маңындағы ауылдық елді мекендер топтастырылып Жаңасемей ауданы құрылады.

Ендігі сұрақ, Үкімет не істеп жатыр? Ұлттық экономика министрлігі еліміздегі ауылдық аймақтарды дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін қаулы жобасын жыл басында ұсынды. Оның басты қағидаттары: мемлекеттің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету, шекара маңындағы аумақтардың бәсекелестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуетін арттыру, шекара маңындағы аумақтардың халқы үшін мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік игіліктерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар шекара маңындағы аумақтар мен елді мекендерді дамыту.

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Шекаралық аудандарда үй салса, сол үй салуға мемлекеттің жағынан субсидия және басқа да көмектерді қарастыру сол аудандарды дамыту үшін қайтарымсыз гранттар беру, микрокредиттер беру мәселесінің барлығы қарастырылған. Енді бізге осы бағдарламаны іс-жүзіне асырып көру керек. Егер де қандайда бір өзгерістер қажет болатын болса, оны жылдам енгізіп отыру қажет болады. 

Ал шекаралық аудандар шығыста ғана ма? Елімізде Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркменстан және Қырғыз Республикасымен шектесетін 65 аудан бар. Бұл аймақтарда жиыны 3,4 млн адам тұрады. Ал мемлекеттік шекарадан небары 50 шақырым белдеуде 1283 ауылдық елді мекен бар. Тұрғындар саны 1,7 млн адам.

Жалпы аудандарды оңтайландыру, жаңа аудан құру сияқты практика бұрыннан бар. Мәселен Алматы облысында Нарынқол ауданы Райымбек ауданы болып қайта құрылғанын білеміз, содан бері өңірге 5000 адам қайта көшіп барған. Сол секілді мысалды Түркістан облысынан келтіруге болады. 2019 жылы Сауран ауданы құрылғалы, өңірдің тіршілігіне қан жүгіре бастаған.

Сейілхан Ахметов, Сауран аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
-Мегаполис Түркістан қаласын көкөніспен, ауылшаруашылық өнімдерімен толық қамтамасыз ету мақсатында құрылған аудан. Аудан құрылғандығына бір жағы 70 км жерден, бір жағы 90 км жерден Кентау қаласына сабылып, қона жатып халық әбіржіп жүруші еді. Қазір енді ауданның орталығы Шорнақ селосы болғандықтан жақын жерден тірліктерін бітіріп, барлық мемлекеттік мекемелер ашылып қазір. Сондықтан да біз ауданның ашылғанына, ондағы болып жатқан ілкімді тірліктерге, аудан халқының ақсақал ардагерлер, жастарымыз өте риза. 

Ертең тұрмысы тұралаған Шығыстағы аудандардың шаруасы шешіліп, халқы осылай ризашылығын айтып тұрса құба құп емес пе, деген райда, мен өзімнің сөзімді аяқтайын,