Хабар телеарнасы

Геральдика — мән беретін маңызды сала

Мемлекеттік нышандарды жетілдіру қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен ІІ Ұлттық құрылтайда кез келген елдің ықпалды болуына ұлттық брендтің әсері мол екенін, ол үшін оның танымалдығын арттыра түсу қажет екенін айтқан еді. Сонымен киелі Түркістанның таңбасы бар ма? Бар болса қандай? Көне тарихи таңбалар туралы қандай деректер бар? 

Геральдика – ғылымы алғаш орта ғасырларда Батыс Еуропа елдерінде пайда болған. Корольдер сарайларының маңдайшасына түрлі нышандар мен таңбаларды, геральдикалық белгілерді салған. Геральдика Қазақстанға алғаш 1842 жылы келген. Патша үкіметі бұйрығымен Петропавл қаласының гербі жасалған. Белгілі журналист, ғалым Бекжігіт Сердәлі Түркістан қаласының нышаны 1909 жылы пайда болғанын айтады.

Бекжігіт Сердәлі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор:
-Ал енді ол гервке қарасаңыз патша үкіметінің мүддесі тұр олар арада. Яғни біздің ұлттық құндылықтарымызға сәйкес келмейді. Ол біздің ұлттық құндылығымыздың үлкен белгісі екенін біз кейін сезіне бастадық.
Мамандар біздің елде заңмен бекітілген герб Алматы мен Астана және Шымкент қалаларында ғана барын айтады. Басқа қалалардың нышаны жергілікті мәслихаттың шешімімен қабылданған. Түркістанның туристік таңбасы да 2019 жылы бекітілді. Онда ежелгі және бүгінгі Түркістанның тарихы бейнеленген. «Логотиптің негізгі сарына ежелгі Жібек жолы бойындағы қозғалыс. Әріптердің бәрі бір-бірімен жымдасқан күйде бірлік пен келісім идеясын насихаттайды», — дейді мамандар.

Мұхит Көшенов, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
-Бүгінгі таңда еліміздің Президентінің тапсырмасымен Үкімет тарапынан Түркістанға қаласына ерекше мәртебе беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қаламызға ерекше мәртебе берілген жағдайда Алматы, Астана сияқты заңды түрде бекітілетін болады. Ол кезде осы логотивті қабылдай ма, басқа герв қолданыла ма? Ол қала басшылығының сол кездегі шешіміне байланысты болады.

Белгілі тарихшы Марат Тұяқбаев қазақ даласында герб болмағынын, есесіне ру, тайпа таңбалары жақсы дамығанын айтады. Ал киелі Түркістанның таңбасы қандай болу керек деген сауалымызға былай жауап берді.

Марат Тұяқбаев тарихшы, археолог:
-Тайқазан болу керек. Менің ойымша тайық түрік тілінде «қасиетті» деген сөз. Қасиетті қазан деген мағына береді. Өйткені қазаққа шаңырақ қасиетті және қара қазан қасетті. Осы жағынан келгенде қазақ елінің қасиетті қазаны мен қасиетті мекені деп кесенені және ыстық күнді ауа райын білдіретін. Осы үш идея қатысу керек деп ойлаймын.

Мемлекет басшысы да нышандарымыз бірегей ұлттық кодымызды нақты әрі айқын көрсетуі керек деген болатын. Себебі кейбір қалалардың белгісі көңілден шықпайтыны рас. Соған байланысты қоғамда сын да жиі айтылады. Сондықтан Президент бұл салаға мұқият талдау жасап, ортақ ұстанымдар әзірлеу қажет екенін айтты. «Аймақтық нышандарды әзірлеу және бекіту тәртібін барлық өңірге бірдей етіп, ретке келтірген жөн»,— деді. Ең бастысы заңмен бекітілген мемлекеттік нышандар идеологиямен қорғалуы тиіс.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш