Хабар телеарнасы

Оралдағы сорпаға күйіп қалған үш жасар қыздың жағдайы ауыр

Оралдағы «Балбөбек» мемлекеттік балабақшасында сорпаға күйіп қалған үш жасар қыздың жағдайы ауыр. Ол аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, баланың бетін, кеуде тұсы мен аяғын күйік шалған. Ақ халаттылар бүлдіршіннің біраз уақыт ем алатынын айтты. Естеріңізге сала кетейік, оқыс жағдай кеше бөбекжай қызметкерлерінің салғырттығынан болған. Олар түскі ас кезінде балаларға сорпаны суытпай алып келген. Балабақшаның меңгерушісіне қатаң сөгіс беріліп, тәрбиеші мен оның көмекшісі жұмыстан шығарылды. Оқиғаға қатысты полиция, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. 

Болат Әлібаев, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі:
-ІІ, ІІІ дәрежелі күйік. Көлемі 20-25% деңгейде. Ауырсынуға қарсы интенсивті шокқа қарсы емдерін қабылдауда. Жаралары күнделікті байланып, танылып жатыр. Қазіргі таңда баланың жағдайы тұрақты ауыр. Екі-үш аптадан бастап, бір айға дейін созылатын ем ғой.