Хабар телеарнасы

Импортқа тәуелділіктен қалай арыламыз?

Қазақстандық мазмұнды 60% жеткізіп, импортқа тәуелділікті төмендету міндеті қойылды. Мұны бүгін халықаралық форумда Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты. Қазір еліміздегі жалпы импорттың үлесі 46%. Тарқатып айтсақ. Энергетика саласында шетелден сатып алулардың проценті - 75. Яғни 3,5 триллион теңге. Тау-кен секторы бойынша - 75%. Машина жасау саласында шетелдік тауардың үлесі - 86% жеткен. Ал фармацевтикадағы отандық тауарлардың үлесі небәрі 20% құрайды. Одан бөлек, 2025 жылға қарай жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Инвестиция салуды ынталандыру үшін ірі өндіру жобалары 5 жылға дейін салықтан босатылады. Ал бүгіннен бастап бизнеске қойылатын артық талаптардың 9 мыңы қысқартылып, алдағы жылы 1 мыңынан босату жоспарда. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысы біздің алдымызға 3 жыл ішінде қазақстандық мазмұнды 60% дейін жеткізу бойынша нақты міндет қойды. Ол үшін қажетті әлеует пен ресурстар бар. Мәселен, мұнай-газ саласында сатып алулардың ең үлкен үлесі 3 ірі консорциумға тиесілі. Сондықтан, «Атамекен» ұлттық палатасының қатысуымен өндірушілер мен ірі кәсіпкерлер арасында іскерлік байланыстар орнату бойынша жүйелі жұмысты ұйымдастыру маңызды деп санаймыз.