Хабар телеарнасы

Еңбек нарығы қалай құбылады?

Жасанды интеллект келешекте Қазақстандағы 2 миллионнан астам адамның жұмысына әсер етеді. Еліміздегі еңбек ресурстарын дамыту орталығының мамандары осылай дейді. Бірақ бұл дамыған технология олардың орнын толық алмастырады деген сөз емес. Тек қызметінің кейбір тұсын автоматтандырып, керісінше қызметкердің жұмысын біршама жеңілдетпек. Астанада өткен форумда білікті сарапшылар еңбек тақырыбына қатысты осы және өзге де мәселелерді жастармен бөлісті. Студенттерді тікелей толғандыратын тағы бір өзекті сұрақ – мамандық бойынша жұмыс табу. Себебі еңбек нарығы жыл сайын түрленіп жатқан заманда 4-5 жыл бойы меңгерген кәсібі керексіз боп қалуы бек мүмкін. Айта кетейін, аталған форумның соңында республикалық «Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Шалқар Байқұлақов, еңбек ресурстарын дамыту орталығының вице-президенті:
-Біздің болжам бойынша 2027 жылдан бастап 300-400 мың жастар шыға бастайды. Сол себепті біздің еңбек нарығы күрт өзгеруі мүмкін. Ал экономика осынша көп шығып жатқан адам саны бойынша жастарға жұмыс орнын дайындай ала ма, дайындай алмай ма? Ол – үлкен сұрақ. Жасанды интеллекті енгізу арқылы кейбір мамандықтар жойылып кетеді деп айту өте қиын. Бірақ біз өзіміздің орталықта жасанды интеллект енгізе отырып, керісінше бірнеше адамды жұмысқа алдық. Өйткені жасанды интеллектпен жұмыс істей білу керек.