Хабар телеарнасы

Теміртау тұрғындары ауызсуға жарымай отыр

Бұл туралы өткен айда жаңалықтарымызда айтқан едік. Жауаптылар құбырдағы ақау салдарынан тіршілік нәрін кестемен, күніне екі рет береміз. Ал басқа уақытта қоймаларды толтырып отырамыз,- деп түсініктеме берген. Алайда тұрғындар енді ауызсу сол уәде етілген кестеден де кешігіп жатыр деп редакцияға қайта шағымданды.

Ольга Калашникованың ашуы оқтаулы мылтықтай атылуға сәл жетпей жүр. Себебі 70 асқан шағында 5 қабатқа шелектеп су тасимын деп ойламаған. Бірақ басқа амалы қалмапты. Бұрын су кестемен саябырсып келетін. Бірер күн аптап ыстықта ол да 5 қабатқа жетпей қалған.

Ольга Калашникова, Теміртау қаласының тұрғыны: 
- Өткен аптада су кестеден кешігіп, бір тәулік бойы берілген жоқ. Хабаралама бойынша 20:00-де беріледі деген. Бірақ бір тамшы су келген жоқ. Амалсыз басқа ауданда тұратын қызымның үйінен 5 литрлік бөтелкелермен тасыдық.

Абайдың қырқынан шықпаған баласы бар. Оны күнделікті жуындырып тұру керек. Сондықтан тіршілік нәрін кейде жұмыс істейтін Қарағанды қаласынан алып келеді.

Абай Ахметәлімов, Теміртау қаласының тұрғыны: 
- Кейде 8-де береді суды, негізі 6-да беруі керек. Кейде мүлде бермей қалады, болмайды. Су толтырған кезде ол кір болады, біраз тұрып тұнады. Баланы шомылдыра алмайсың. Ішетін су алу үшін автоматқа барасың, ол өшіп тұрады.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:
- Теміртау қаласын сумен қамтитын негізгі 3 станцияның бірі осы. Қазір қаладағы ең өткір мәселе осында келетін құбырларға қатысты. Себебі мамандар Қарағанды-Теміртау су құбырының кейбір жерлері тіпті 100% дейін ескірген деп отыр. Салдарынан резервуарларға келіп құйылуы тиіс судың кейде тіпті жартысынан көбі далаға ағып кетеді екен.

Қарағанды-Теміртау су құбырының 27 шақырымы әбден тозған. Облыстық мәслихат жақында аталған құбырдағы ең апатты 5 шақырымын жөндеуге 500 млн теңге бөлу туралы шешім қабылдапты. Бірақ қазіргі кезде тек конкурстық рәсімдер жүріп жатыр, мердігер анықталмаған.

Ринат Қыдырбеков, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары: 
- Конкурстық рәсімдер құбырларды жеткізу бойынша келесі аптада бітеді. Сосын шамамен 15-20 тамызда жұмыстарды бастаймыз ба деп отырмыз. Осы мәселені толық шешу үшін Қарағанды-Теміртау су құбырын жаңарту бойынша жоба бар бізде. Жоба құны – 10 млрд артық болады. Осы жобаны 1-2 жылда жүзеге асырған соң су мәселесін толық шеше аламыз.

Аталған құбыр 40 жылдан бері жөндеу көрмеген. Салдарынан бүгінде мұнда тәулігіне 40 астам апат болады. Жазда тұрғындарға бір күнде кемі 1 мың текше метр су қажет болса, қазір кестемен тек 300 текшеметр беріліп жатыр. Жауаптылар мәселе қазан айына дейін тұрақталады деп сендірді.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар