Хабар телеарнасы

Оралда салмағы 6 келіден асатын ұл бала дүниеге келді

Оралдағы көпбейінді ауруханада салмағы 6 келіден асатын ұл бала дүниеге келді. Ал бойы 63 сантиметр. Дәрігерлердің айтуынша, сәби мен оның 35 жастағы анасының денсаулығы жақсы. Олар ертең үйлеріне оралады. Өмір есігін ашқан нәресте — отбасыдағы үшінші перзент. Үйдің тұңғыштары да 4 және 5 келі салмақпен дүниеге келген. «Артық салмақ денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін», — дейді ақхалаттылар. Сондықтан сәби үйге шығарылса да дәрігерлердің бақылауында болады. 

Тимур Мұхамедияров, қалалық көпбейінді аурухананың акушер-гинеколог дәрігері:
-Әйел айы-күні жетіп өзі босанды. Оның да, сәбидің де жағдайы қалыпты. Баланың денсаулығын педиатр одан әрі бақылап отырады. Өйткені артық салмақ бар. Әдетте қалыпты норма 3-4 келі ғана. Балалардың артық салмақпен өмірге келуіне, біріншіден, экологиялық қолайсыздық, екіншіден, анасының тамақтану тәртібінің бұзылуы себеп болып жатады.