Хабар телеарнасы

Арқалықта былтыр салынған жол бұзылып жатыр

Арқалық қаласында былтыр ғана салынған жаяу жүргінші жолы биыл бұзыла бастады. Көктем келісімен төселген кеспе тастар опырылып, ойылып қалған. Және шағын бөлігінде ғана емес, 1,5 шақырымдық жолдың өне бойы ойқы-шойқы. Жергілікті әкімдік мердігерді сотқа берген. Бірақ одан әзірге нәтиже жоқ. 

Мағауия Қалиев, тілші: 
- Ұзын көше бойына 6 ай бұрын төселген жаяу жүргінші жолының бүгінгі сиқы мынау. Ойдым-ойдым, кеспе тастардың шеті кертіліп, құлап жатыр. Мұны салған жол құрылысынан еш хабар жоқ, орашолақ адам ба дерсің. Жергілікті бақылаушы органдардың да қалай байқамағандығы тағы таңғалдырады.

Қайырбеков көшесінің бойында жаяу жүргінші жолын салу көптен көтеріліп жүрген мәселе еді. Соның былтыр сәті түсіп, бюджеттен 26 млн теңге бөлінген. Тендрді ұтып алған қарағандылық компания жол құрылысын тамыз айында бастап, желтоқанда аяқтапты. «Оның тез тозуына кеспе тастың қыста төселуі себеп болды», - дейді жергілікті тұрғындар.

Қанат Әлімбаев, Арқалық қаласының тұрғыны: 
- Бұл құрылысты күзде бастады бұл кісілер. Және қыста аяқтап, қар жауған кезде, брусчатканы салды. Сәйкесінше ол жаңағыдай салған полотнолары көктем айларында түсіп, брусчатканың жалпы сапасыз екенін көрсетті.

Қалалық әкімдік мердігерге олқылқты жоюды сұрап, бір емес, екі рет нұсқама жіберген. Оған құлақ аспаған соң, сотқа беріпті. Жолды қайта салу жөнінде соттың шешімі де шыққан. Ол 7 шілдеде заңды күшіне енеді. «Ал мердігер болса, ананы-мынаны сылтауратып, әлі күнге созбаққа салып келеді», -дейді әкімдіктегілер.

Асылхан Қуанышбаев, Арқалық қаласы ТҮКШ бөлімінің бас маманы:
- Біз өз тарапымыздан күнделікті мердігер ұйымға хабарласамыз. Қашан келесіздер, бастайсыздар ма, осы жақта істейтін жігіттер бар, сол кісілермен сөйлесулеріңізге болады, тіпті келмесеңдер, сол кісілерге істеткізіңдер жұмыстарыңды. Иә, иә, келеміз, күнде ертең. Кейде трубкаларын алмайды, кейде келеміз деп уәде етеді, бірақ келмейді.

Келісімшарт бойынша мердігердің ақауды жоюға екіжылдық кепілдік мерзімі бар екен. Сондықтан ұяты болса, келіп қалар деп әлі де үміт артып отыр мұндағылар.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг