Хабар телеарнасы

Қостанай облысында су желісінің құрылысы қашан аяқталады?

Қостанай облысының Ершов ауылы екі жыл бұрын орталықтандырылған су желісіне қосылуы тиіс еді. Алайда жеке үйлерге құбыр тартылғанымен су жеткен жоқ. Ауқымды жобаның жүзеге асу мерзімі неге кешікті? Қашан аяқталады?

Бақытжан апа көлік жүргізушісіне соңғы келгенінде су жетпей қалғандығын айтып, бұл жолы қалыс қалдырмауын сұрап, өтінішін білдіріп жатты. «Анау болса, олай болуы мүмкін емес деп бет қаратпайды. Тасымал суға қараған күнің осы», – деп налиды қейуана. Осыдан үш жыл бұрын ауылға құбыр тартыла бастағанда мұндағы жұрт қалай қуанды. Қазір сол көңілдері суып, сенімдері жоғала бастағандай.

Бақытжан Ағытаева, ауыл тұрғыны:
-Былтыр міне суды өткіземіз деп қазды, трубаны үйге өткізді. Сіз қанша төледіңіз су өткізуге, Шамамен 90 мыңға жақын. Бірақ суды ішке кіргізген жоқ.

Ершов ауылын орталықтандырылған ауыз сумен қамтуға бюджеттен 2019 жылы 1 млдр 224 миллион тенге бөлінген. Аудан басшыларының айтуынша, тендерді ұтып алған кәсіпорын жұмысты субмердігерге жүктеген.

Серік Ахметов, ауыл тұрғыны:
-Подрядчиктер ақшаны қайда жібергендерін білмейді. Түсінбейсің, қалай? Біреуге ақша береді. Подрячиктер оны субподрядчиктер алды дейді. Соның зардабын қарапайым халық тартып отыр.

Мойына алған міндетін уақытында және толық орындамаған мердігерді аудандық әкімдіктің шағымымен сот жауапсыз деп таныды. Одан кейін қайта тендер жариялағанша, арада бір жыл өткен. Қазір нысанда басқа мердігер жұмыс істеп жатыр. 4,5 шақырым магистралды желі, ауыл ішіне 25 шақырым тарату құбыры тартылған. Орталық желіге 200-ден астам абонент қосылыпты.

Владимир Шерстюков, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:
-Мердігер кәсіпорынмен, тұрғындармен апта сайын кездесу өткіземіз. Жұмыс барысы жіті бақылауда. Жоспар бойынша нысан 31 желтоқсанда пайдалануға берілуі тиіс. Алайда мердігер жұмысты шілде, тамызда аяқтаймыз деп отыр.

Қазір жоба бойынша соңғы нысан суды ауылға тарататын сорғы станциясының құрылысы жүріп жатыр. Жалпы Ұзынкөл ауданындағы 32 ауылдың жартысы сапалы ауызсумен қамтылған. Биыл олардың қатары Ершовты қосқанда тағы 6 елді мекенге артуы тиіс.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг