Хабар телеарнасы

БАҚ өкілдерінің төл мерекесіне орай сала үздіктері жаңа баспанаға ие болды

Мұндай сыйды Мемлекет басшысының атынан «Дара» президенттік бастамалар қоры тарту етті. Астананың жаңа ауданында бой көтерген тұрғын үй кешеніндегі пәтер кілтін Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Руслан Желдібай табыстады.

Журналистика саласының қызметкерлері үшін ерекше күн. Себебі олар кәсіби мереке қарсаңында баспаналы болды. Комфорт санатындағы 1 және 2 бөлмелі пәтерлер 65 қызметкерге берілді. Олардың арасында «Хабар» агенттігінің журналистері, операторлары мен үйлестіруші қызметкерлері де бар. Мәселен, біздің арнаның шығарушы редакторы Болат Көкенайұлы Хабарда 25 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бірнеше облыста меншікті тілші болды, кейін қызметін елордада жалғастырып жүрген тәжірибелі маман – 6 баланың әкесі.

Болат Көкенайұлы, «Хабар» телеарнасының шығарушы редакторы: 
- Ширек ғасырдан астам осы «Хабар» Агенттігінде жұмыс істеймін. Бірақ осындай оқиға бірінші боп болып тұр. Сондықтан Аллаға шүкір, Президентіміздің игі бастамасы жүзеге асып, жаңа Қазақстан жаңғырып, оның ішінде журналистерге де жаңа дем, жаңа леп келіп жатыр.

Баспаналардың барлығы қуаныш иелеріне тегін берілді. Дәл осындай тарту расында бұған дейін болған емес. «Бұл Мемлекет басшысының сала мамандарына деген қамқорлығы», - дейді Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Руслан Желдібай.

Руслан Желдібай, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Президенттің баспасөз хатшысы: 
- Қазір біздің мемлекеттік медиа жақсы қарқынмен дамып келе жатыр. Телеарналарымызда жақсы контент жасалады. Мықты бағдарламалар шығып жатыр. Бұның барлығы әрине, бірінші кезекте өздеріңіздің еңбектеріңіздің жемісі. Өздеріңіз білесіздер, қазір бізде ақпараттық салаға үлкен мән беріледі. Бір айта кететінім Мемлекет басшысы әрдайым мемлекеттік медианы қарайды, көреді. 

Айта кетейін, 28 маусым елімізде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні ретінде атап өтіледі. Соңғы жылдары бұл мерекенің мәртебесі артып, ауқымы кеңейіп келеді. Сондықтан сала мамандары мұндай сый-сияпат алдағы жылдары да жалғасын табады деген үмітте.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Жандос Битабаров