Хабар телеарнасы

Оралда волонтерлер есірткіге қарсы күресуге көмектесіп жүр

Оралда еріктілер есірткі сататындармен білек түріп күресуге кіріскен. Олар нашақорлыққа қарсы күрес акциясына белсене араласып жатыр. Көпқабатты тұрғын үйлердің қабырғасына жазылған есірткі саудасына қатысты құпия жазуларды жаппай өшіруді қолға алған. Өйткені шаһар көшелерінде мұндай жарнамадан көз сүрінеді. Есірткінің онлайн саудасын тоқтату мүмкін бе? Кімдер у сатып жүр? 

Бұл қаланың ескі шағын ауданы. Волонтерлер акцияны осы аумақтан бастады. Себебі мұндағы әрбір көпқабатты үйдің қабырғасы мен кіреберісінде есірткі жарнамасы менмұндалап тұр. Еріктілер оларға қара түсті бояу шашып жатыр.

Аманат Бектұрсынов, волонтёр: 
- Көбінесе ескі үйлерде болады. Яғни шашылып жатқан подъездерде болып қалуы мүмкін. Қаламызда нашақорлыққа қарсы айлық жүріп жатыр. Сол айлыққа байланысты дәл осындай шараларымызды ұйымдастырып жатырмыз. Күніге шығып, әр үйлердің, осындай көлік тұрақтарының, көлік қоятын гараждардың барлығында суреттерді кетіріп жатырмыз.

«Есірткі жарнамасы жеткіншектердің санасына едәуір кесірін тигізіп жатыр», - дейді мамандар. Өйткені еліткіш заттарды заңсыз сату және сақтаумен айналысқандар қатарында кәмелет жасқа толмағандар жиі кездеседі екен. Биылдың өзінде облыста есірткі қылмысына қатысты 129 дерек тіркелсе, қолға түскен күдіктілер ішінде жасөспірімдер де бар.

Ләззат Көбенғалиева, БҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:
- Облыс аумағы бойынша 2 кәмелетке толмағандар бойынша қылмыстық іс тіркелді. Бірінші факт – заңсыз сату бойынша, екіншісі есірткі затын сақтау бойынша. Ол бойынша қазір бізде қылмыстық іс тергелуде. Жыл басынан бері қарай сот сараптамасының қорытындысына сай облыс аумағында есірткінің 21 кг астам көлемі тәркіленді.

Бұл акцияға елуден астам волонтер атсалысып жатыр. «Қоғамға кері әсерін тигізіп жатқан есірткі айналымына бейжай қарай алмаймыз», - дейді еріктілер.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов