Хабар телеарнасы

Волонтер болу – ерлік

Волонтерлардың сыналған сәті көп. Төтенше жағдайда бірден көмекке ұмтылып, табыла кетеді. Арыс пен Тараз оқиғалары, Батыс өңірлеріндегі қуаңшылық, Әулиекөлді өрт шарпыған кездегі еріктілердің ерлігі бұл сөзіме дәлел. Күні кеше Абай облысындағы алапат орман өрті кезінде де олар өжеттілік танытты. Тіпті тілсіз жаудың бетін қайтаруға да атсалысқанын көрдік. Бұл аздай, жұмыла қалып қажетті заттарды жинады, ыстық ас та әзірледі, керек десеңіз жоғалған адамдарды іздеді. Ерікті болу – ерлік дейміз ғой. Бірақ осы ерлік әркімнің-ақ қолынан келе ме?

Алена Белоусова табиғи апаты кезінде іздестіру іс-шараларына белсенді қатысты. Еріктілер қатарына үш жыл бұрын қосылған. «Жоғалған жанды табу үшін алғашқы сағаттарда нақты әрекет ету керек»,- дейді ол.

Алена Белоусова, волонтер: 
- Егер бала жоғалып кеткен жағдайда біз күн демей, түн демей дереу іске кірісеміз. Менің ойымша, волонтер болу – адамның ішкі болмысында болатын, жүрегінің түкпірінен шығатын ізгі амал. 

«Семей орманы» табиғат резерватында болған өрт кезінде волонтерлер көмегі де ауадай қажет болды. Сол кезде ерікті жандар гуманитарлық көмекті тасу, әкелумен қатар, ыстық ас әзірледі.

Еламан Тойымбеков, өрт сөндіруші: 
- Бізде бәрі жеткілікті. Техника, тамақ, су. Мұнда тұрғындар бәрін қамтамасыз етіп жатты. Бәріне ризамыз!

Волентерлар өз жеке бас мәселесін айта бермейді. Керісінше, өзгелерге барынша көмек қолын созуға тырысады. Дегенмен жәрдем шын көмекке мұқтаж жандарға ғана жасалады.

Әлия Рахымбаева, волонтёр:
- Жұмасына 1-2 рет ондай өтініштер түседі бізге. Әрине, біз оларды тексереміз. Өйткені қазір алаяқтар көп болады ғой. Мәселен, бізде үйде тамақ жоқ. Жұмыс істей алмаймыз, балаларымыз кішкентай. Ал тексергенде нақты келсек, сондықтан оны да тексеріп жібереміз қадағалап. 

«Lider KZ» волонтерлік қозғалысы жеті жыл бұрын құрылды. Сол жылы еліміздің жанашыр жандары Нұра өзені бойында жоғалып кеткен екі жасар қызды іздестірген еді. Содан бері ел волонтерлерінің көмегімен із-түзсіз кеткен бірнеше мың адамның жартысы аман-есен табылған.

Авторлары: Алмас Садуақас, Әсем Өтешева, Берік Жобалайұлы