Хабар телеарнасы

Су тапшылығы қашан жойылады?

Петропавлға тиіп тұрған Бескөл ауылында 40 градустық аптапта тіршілік нәрі жоқ. «Бұл жыл сайын қайталанатын қалыпты жағдайға айналып барады», — дейді жергілікті жұртшылық. Мәселе түбегейлі қашан шешіледі? 

Су тапшылығы, әсіресе, Бескөл ауылындағы оңтүстік–шығыс ауданында байқалады. Бұл жақта тұратын халық бір апта бойы сусыз отыр. Күннің ыстығында бай-бақшалар да суарылмай тұр.

Зейнеп Қожина соңғы апта шөл далада қалғандай күн кешті. Ми қайнатар ыстықта сусыз қалған ол тіршілік нәрін дүкеннен сатып алуға мәжбүр болды. Су бүгін ғана берілді.

Зейнеп Қожина, Бескөл ауылының тұрғыны:
-Су бір жұмадай болмады. Қиналып қалдық. Берді міне, аллаға шүкір, міне, бар енді. Кішкене напоры бар екен. Көтеріліп беріп жатыр. Рақмет. Напоры жарай ма? Енді кішкене тағы қосылса жақсы болатын еді. Мынау кішкене аз болады.

«Бұл Бескөл ауылында жаз сайын қайталанатын жағдай», — дейді тұрғындар. Күн ысыса болды, тіршілік нәрі іркіліп қалады.

Сансызбай Жүнісов, Бескөл ауылының тұрғыны:
-Су бойынша мәселе қатты болып тұр. Су ақырын ағады. Менің үйімде кейде тоқтап қалады, кейде жүреді былай. Қазір сіздер келгенде енді қазір жүріп тұр. Жаңбыр жаумай тұр. Суару қиын болып тұр шынын айту керек.

Бескөл ауылында 15 мыңға жуық адам тұрады. Шенеуніктердің айтуынша, жаз айларында тұрғындардың су тұтынуы екі есеге дейін артады. Қысым да төмендейді. Қазір бұл жағдайға байланысты комиссия құрылды.

Қуандық Шақыбаев, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:
-Кеше комиссия мүшелерімен негізгі су магистралін қарап шықтық. Қысым төмен болды. Сондықтан оны көтеру туралы шешім қабылданды. Қазір су беріле бастады. Қосымша резервуарлар жұмыс істеп тұр. Мәселе бақылауда.

Бескөл ауылында су желілерін жаңарту жобасы жүзеге асып жатыр. Елді мекен бойынша 17 шақырым құбыр ауыстырылды. «Бұл су тапшылығын жоюға мүмкіндік береді», — дейді мамандар.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков