Хабар телеарнасы

Елімізде мәйіт донорлығы дамымай тұр

«Ағымдағы жылы 1 бауыр ғана трансплантацияланған. Ал күту парағындағы науқас саны артуда»,— дейді мамандар. Қазір 3600-ге жуық қазақстандық мәйіттік донорға мұқтаж. Халықтың көзқарасы қандай? Дін өкілдері не дейді?

«Ауыр дертпен күресіп жатқан маңғыстаулық азаматтың үміті үлкен. Ол 3 жылдан бері күту парағында тұр. 3 киллограмдық құрылғымен емес, трансплантацияланған жаңа жүрекпен өмір сүргісі келеді. Жалғыз емделу әдісі — жүрек ауыстыру»,— дейді мамандар.

Нұрлан Өтебаев, науқас:
-Қазір шынымды айтсам қорқамын. Ертен не болады? Мына аппарат қалай істеп қалады? Техника. Мүмкін бір күні істемей қалады. Артымда 5 балам бар. Егер мен қайтсам, менің қалған ағзамды донорға рұқсатымды бердім. 

Күту парағында тұрғандардың шектеулері көбейеді. Мамандар бекіткен тамақ, дәрі және жиі тексеріліп тұру міндеттеледі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, 73% халық мәйіттік донор болуға құлықсыз. Ал Сыр еліндегі жағдай былай:

Сандуғаш Досымахова, Қызылорда облыстық Көпбейінді аурухана нефролог дәрігері:
-Біздің Қызылорда бойынша күту парағында 167 науқас тіркеліп тұр. Соның ішінде 8-і бала. Қазіргі кезде күту парағында сандар көбеймесе, азайған жоқ. Себебі ай сайын 8 науқастан қосылып отырады.

Республика бойынша орган ауыстыратын 40-қа жуық орталық бар. Жарамды деп танылған мәйіт күту парағындағы сәйкес келетін 5 адамға бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе және көздің мөлдір қабатын бере алады. Отандық дәрігерлер енді ас ішек пен ұйқыбез органдарының трансплантациясын жасамақ.

Гүлжан Бейсенғалиева, ДСМ республикалық трансплантация орталығының үйлестірушісі:
-Көбінесе неврология және реанимациядан шығатын адамдар жарамды болып келеді. Мәйіттік донорға ми өлімі деген диагноз қойылады. Қай өңірден реципиент шығады, сол қалаға трансплантация бригадасы барып операция жасайды. Әзірге жүрек Астана қаласында ауыстырылса, бүйрек пен бауыр Алматыда жасалады.

Елімізде 3 мың 453 адам бүйрек донорына мұқтаж. Оның 71-і балалар. 179 адамға бауыр, 151 науқасқа жүрек керек. Өкпе трансплантациясын жасату үшін 16 ересек кезекте тұр. Өкпе-жүрек ауыстыруға 6 адам мұқтаж. Ал тұрғындар мәйіттен алынған орган қажет еткен жанға емес, саудаға түсе ме деп алаңдайды.

Жылына 300-дан астам адамға донор табылмай, өмірден өтеді. Кейбірі 10 жылдап күту парағында тұрады. Дәрігерлер мәйіттік донорға жарамды деп бекіткенімен, заңның 212-бабына жүгініп, «туыстары үнемі қарсы болады» дейді мамандар. Дін өкілдерінің пәтуасы мынадай:

Бақытжан Өткелбаев, «Әл-Фаттах» мешітінің наиб имамы:
-Жалпы өлі адамның тірі адамға мүшелері ауыстырылғанда, қайтыс болған адамның да денесі бос болып қалмауы керек. «Оның барлық органдарын ала беруге болады» деген сөз емес. Шариғат бойынша рұқсат берілмейді. Егер жүрегі істеп тұрса, жаны шықпаса. Ол адамның органын алуға болмайды. Ол адам тірі болып есептеледі.

Былтыр 4 донордан 16 ағза алынған. Ал биыл 1 ғана бауыр ауыстырылған. Отандық дәрігерлер дер кезінде операция жасауға қауқарлы. Ол үшін азаматтар тірі кезінде тіркеулі емханасына немесе егов-қа кіріп, мәйіттік донор болуға келісімдерін беруге болады. Сонда елімізде донор тапшылығы азаяды.

Авторлары: Диана Қадыр, Самат Сүлейманов