Хабар телеарнасы

БҚО-дағы Еңбек ауылының халқы сапасыз ауызсуды қолдануға мәжбүр

Себебі сумен қамту жүйесіне гидроблок орнатылғанымен, мәселе шешілмеген. Судың литрі 40 теңгеден сатылады. Бұл баға шалғайдағы ағайынға ауыр салмақ. Сондықтан олар әлі құдықтан лай су тасып ішіп отыр.

Ауыл шетінде қаз-қатар қазылған құдық көп. Алайда дені опырылып, құлап қалған. Өйткені сайлы аумақта әр көктем сайын ылғал қоры шамадан асып кетеді. Кәдеге жараған құдықтарды ауылдастар жазға дейін пайдаланады екен.

Әли Байменов, Еңбек ауылының тұрғыны:
-Былтыр қазған құдығым да құлап қалды. Оның арғы жылы қазған құдығым да құлап қалды. Ауызсуды да, малды да, бәрін осыдан суарамыз. 3-4 метр тереңдіктен шығады су. Жыл сайын жазда су болмай қалады ғой.

Елді мекенде 200-ге жуық адам тұрады. Бәрі мал шаруашылығымен айналысып отыр. Мұнда көгілдір отын құбыры тартылған. Ауылдастар енді ауызсу мәселесінің шешілгенін қалайды. Бір жарым жыл бұрын әкімдік 8 млн теңгеге гидроблок орнатып беріпті. Алайда оны қолданып отырған ешкім жоқ. Себебі бағасы қалтаны қағады.

Жасболат Шынғали, оператор:
-Тұщы суды осы арқылы сүзіп шығарады. Содан мына тонналық кабинаға құяды. Қазір бос тұр. Ішінде тұрып қалса, тағы не болар (сасып кетер) деп босатып қойдық әзірге. Халық пайдаланбағасын.

Эльмира Хамитова, Еңбек ауылының тұрғыны:
-Тиімсіз болып тұр ол. Суды былай әкеліп қондырды. Қымбаттау ғой енді. Бұрын үйлер көп болды. Ағыл-тегіл үй енді. Көшіп кетіп жатыр енді жағдайына байланысты.

Әкімдік бұл қондырғыны кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға бермек болған. Алайда инвестор табылмай қойыпты. «Енді тарифті төмендету тәсілін қарап жатырмыз»,— дейді шенеуніктер. Сонымен қатар гидроқұрылғының өзге түрін қолдану ұсынылған екен.

Қадер Нұрғалиев, Қазталов ауданы әкімінің орынбасары:
-Литрі 40 теңгеден деп есептедік, бірақ негізінде осы жағынан қаралмаған. Осы жақты субсидиялау керек қой. Жоғарыға жазамыз енді. Мысалы, қазір коммуналдық хозяйствоның халыққа беріп отырған суы дейтін субсидияланады ғой. Сосын басқа бір жоба бізге алдында ұсынған. 48 млн теңгеге суды астынан алып тұщыландырамыз да қайтадан жердің астына кіргізіп жібереміз деген. Осыны біздер қолданайын деп жатырмыз.

Жаңа гидроблоктарды биыл аудандағы Сатыбалды, Жас және Аққурай ауылдарына да орнату жоспарланған. Көп ұзамай конкурс жарияланады. Ал тарифтің өзгеру-өзгермеуі белгісіз. Жалғыз үміт субсидияда.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов