Хабар телеарнасы

Биыл Қостанай облысына 960 қандас көшіп келеді

Бекітілген квотаға сәйкес, биыл Қостанай облысына 960 қандас көшіп келеді. Олардың алғашқы легі келіп, орналасып үлгерді. Бірі тұрақтаған жерінде мамандығы бойынша жұмыс тапса, енді бірі жеке кәсіп ашып, тірлік жасап жатыр. Бәрі мемлекет тарапынан тиесілі жәрдемақысын алған.

«Отан — атам, Отан — әкем, Осы сөзім қате ме екен, Қате болса, неге бізді, Дейміз оны атамекен». Бес жасар Бекжанның аузымен айтылған бұл өлең жолдарынан тағдыр тәлкегімен шет ел асқан ағайынның атамекенге деген мейірім, сағынышын сезінесің. Әкімбек пен Айжан осы уақытқа дейін Өзбекстанда тұрған. Екі баласы да сол жақта дүниеге келіпті. Былтыр атажұртқа оралу мүмкіндігі туғанда бірден елге бет түзеген. Қазір Рудный қаласында тұрады. Әкімбек жергілікті кен байыту комбинатының металл илемдеу цехында оператор болып істейді.

Әкімбек Демеев, қандас:
-Бірінші қорыққанбыз негізі, қиыншылық болады, қысы қатты келеді. Былай жақсы қазір. Әкімшілік тараптан көмектер берді. Көшіп келгенде көмек жан басына 241 мың 500–ден алдық. 966 мың алдық. Енді квартираға 4 миллон береміз деген, соған құжаттарымызды тапсырып қойдық. Бір айдың көлемінде оны да беріп қалар.

Биыл Рудный қаласында қоныс тепкен қандастарымыздың бірі — Гүлдана Жақмұратова. Ол да отбасымен Өзбекстаннан көшіп келген. Бірден мектепке информатика пәнінің мұғалімі болып орналасыпты. Жұбайы Жәнібек осындағы белгілі фирмада жұмыс тапқан. «Өзбекстанның Навои қаласында қазақ мектебі болмағандықтан балаларды орысша оқытуға мәжбүр болдық», — дейді. Қазір ана тілінде білім алып жүр.

Гүлдана Жақмұратова, қандас:
-Орыс мектебінде оқып келген болса да, кішкентай бастауыш сынып болғандықтан қазақ тілін меңгеріп кетуіне сенімді болғанымыз үшін қазақ мектепке орналастырдық.

«Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде сырттан көшіп келгендердің жаңа мекенге бейімделіп, тұрақты орнығып қалуына барлық жағдай қарастырылған. Биыл мысалға жәрдемақының сыртында баспана алуына 4 миллион теңге қайтарымсыз қаржы беріледі. Осындай көмек-қолдаудың нәтижесі болар, Қостанайға қоныс аударуға ынталы адамдардың саны артқан.

Дәмилә Ақпанбетова, облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:
-Биыл әсіресе Ресейден көштің ағыны артты. Жыл басынан бері бізде 92 адам қандас мәртебесін алса, соның жартысына жуығы сол көрші елден келгендер.

Бүгінгі күні Қостанай облысында 123 адам қандастар, 487 азамат қоныс аударшылар квотасына енгізілген. Олар өңірдегі барлық 20 аудан, қалаларға бөлінеді.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедияров