Хабар телеарнасы

Қапшағай тұрғындары қаланың жаңа мәртебесі туралы қандай пікірде?

Қазір қапшағайлықтарды қандай мәселе толғандырады? Болашақтан не күтеді?

Жарты ғасыр бұрын іргесі қаланған Қапшағай қаласында қазір 60 мыңнан астам адам тұрады. Кезінде форфор заводымен аты шыққан шаһар бүгінде жұртшылыққа казиноларымен және көл жағасындағы демалыс орындарымен жақсы таныс. Азды-көпті өндіріс орындары да бар. Былтыр бюджетке 50 млрд теңгеден астам салық түскен. Бюджеттік түсімдердің негізгі көзі – осы казино мен букмекерлік орталықтар.

Нұрлан Құматаев, Қапшағай қаласының әкімі:

- Казиноның өзі республикалық бюджетке кетеді, ал оның ішіндегі букмекерлік орталықтар жергілікті бюджетке түсіп жатыр. Сондықтан қазір олардың үлесі үлкен деп айтсам болады. Қапшағай қаласында үлкен өндіріс орындары бар. Сондықтан олардан да түсім ауқымды десек болады. Жаңадан жұмыс орындары да ашылып жатыр.

Қапшағайға екі округ, 11 елді мекен қарайды. Тұрғындар Қапшағай облыс орталығы болса бірқатар мәселе жылдам шешімін табады деген үмітте. Соның бірі – жұмыс орындары. Себебі біраз тұрғын 53 шақырым Алматыға қатынап істейді. Инфрақұрылым жақсарып, тұрғын үй қоры жаңартылса деген тілектерін де жеткізді. Жастар үшін жоғары оқу орындары ашылса да артық етпейді.   

Мұнда күннің қызуын кәдеге жаратуға болады. 2013 жылдан бері баламалы энергия көзі бойынша 11 жоба жүзеге асырылып, 300 жұмыс орны құрылған. Қазір қаланың жылдық электр қуатын өндіру көлемі 422 МВт-қа жеткен. 

Аршын Кемелжан, тілші:

- Қапшағай қаласында күннен немесе желден қуат алатын баламалы энергия көздері қолға алынған. Соның бірден-бір мысалы – 400 гектарға жайылған күн энергиясы станциясы, жылдық қуаты 100 МВт. Бұл – Алматы облысының болашақ орталығы саналатын Қапшағай қаласы үшін маңызды факторлардың бірі.

Қала тұрғындары Қапшағай атауы өзгеріп, Дінмұхаммед Қонаевтың атының берілгенін қолдайтындарын айтты. Алматы облысының орталығы болатыны туралы жаңалық та қуаныштарын еселей түскен.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев