Хабар телеарнасы

Балқашта мүмкіндігі шектеулі азаматтарды таситын тегін такси пайда болды

Сауапты істі қала тұрғыны бірінші топтағы мүгедек Мейірім Орынбаев ұйымдастырған. Әзірге игі бастамаға 50 автоволонтер қолдау білдіріп отыр.

Мәулен Әбжанов жергілікті кәсіпорынның бірінде дәнекерлеуші болып еңбек етеді. Ауысыммен жұмыс істейтіндіктен аптаның кей күндері қолы бос. Соны пайдаланып сауапты іске үлес қосуды жөн көрген. Қазір әр жұма сайын 2-3 адамды қала ішінде қалаған жеріне жеткізеді.

Мәулен Әбжанов, автоволонтер:

- Бұл жағдай әрбір адамның басында, әрбір адамның тағдырында болуы мүмкін. Біздікі волонтерлік, кішігірім көмек. Мүмкіндігі шектеулі жандарды керек жеріне апарып тастап, сол кісілердің батасын алсақ деген ой.

Санаулы күнде Мәулен секілді 50 азамат игі бастамаға үн қосқан. «Келешекте олардың санын 500-ге жеткізсем», - дейді тегін таксиді ұйымдастырған Мейірім. Себебі сұраныс көп. Қазір Балқаш қаласында 4 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат тұрса, соның 200-і арбаға таңылған.

Мейірім Орынбаев, Балқаш қаласының тұрғыны:

- Біз І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектерге, көру қабілетінен айырылғандарға көмек көрсетеміз. Дәрі-дәрмек алуға, егер жалғыз тұратын мүмкіндігі шектеулі азамат болса, азық-түлік алуға көмектесеміз.

Мейірім келешекте белсенді автоволонтерлерді ынталандыруды да ойластырып отыр. Мейрамханада тегін тамақтануға немесе киім-кешекті жеңілдікпен алуға, тегін жанар-жағар майға бонустық карталар бергісі келеді. Ол үшін жергілікті кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіп жатыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев