Хабар телеарнасы

Мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық, педагогикалық көмек тиісті деңгейде көрсетілмей келеді

Оның айтуынша, дамуында ауытқуы бар балаларға көрсетілетін қызмет сапасын көтеру қажет. Баласының дертіне дауа іздеген ата-аналар да талай мәрте шағымданған. Алайда мәселе шешілер емес.

Мүмкіндігі шектеулі балғындардың барлығын тағдыр қосты десе болады. Бүгінгі күні олардың ата-аналары бір-бірінен кеңес алып, білгендерін бауыр еті балаларына үйретеді. Жаттығуды жүргізіп отырған жан – Иван Винников. Оның да дамуында кемістігі бар.

Иван Винников, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Менің сүйікті спортым бұрын футбол еді. Бірақ қазір хоккеймен айналысқым келеді. Қызығушылығым бар. Бірақ рұқсат бермейді.

Жергілікті биліктен қайран болмаған соң, «Мой ребенок» қоғамдық бірлестігі өңірде аутизмге шалдыққан балалардың мәселесін шешуге кіріскен. Бес жылдан бері олардың ұйымдастыруымен түрлі спорттық секция жұмыс істеп тұр.

Ксения Щербакова, Бескөл ауылының тұрғыны:

- Спорт біз үшін өте маңызды. Өйткені 7 жастағы баламның қозғалысын шыңдап, физикалық тұрғыда дамытады. Біз көрші Бескөл ауылынан келіп тұрамыз. Себебі ауданда еш жағдай жасалмаған. Бұдан бөлек бассейн мен коньки тебуді де аздап үйрендік.

Қоғамдық бірлестіктің негізін қалаушы – петропавлдық психолог Татьяна Ковалева. Ол аутист жандардың проблемасын жақсы біледі. Себебі баласы осы індетке шалдыққан. Ол мемлекеттік органдармен жұмыс істеуде қиындықтарды барын жасырмайды.

Татьяна Ковалёва, қоғамдық бірлестік басшысы:

- Білім бөлімімен жұмыс істеу қиын. Мәселен, мұғалімдер біздің балаларымызды мектепке барғаннан кейін екі апта уақыт өткен соң: «Үйде оқытыңыздар», - деп қайтарып жібереді. Яғни біздің ұстаздар мінез-құлық проблемаларын ақылмен жиі шатастырады.

Медицина саласында да проблема жетерлік. Мәселен, дәрігерлер дұрыс диагноз қоймағандықтан, ата-аналар ұл-қыздарын өзге қалаларға апаруға мәжбүр. Мұнымен қоса жергілікті билік аутист балаларға уәде еткен барокамера қондырғысын сол күйі алып бермеді.

Татьяна Ковалёва, қоғамдық бірлестік басшысы:

- 2019 жылы бұл құрылғы облыстық балалар ауруханасына сатып алынуы тиіс еді. Уәде сол күйі орындалмады. Салдарынан біз үлкен қалаларға қатынаймыз. Жақында ғана екі апталық емделу курсынан өту үшін 600 мың теңге жұмсадық.

Қазіргі таңда аталған қоғамдық қор 230-ға жуық отбасыға көмек көрсетеді. Барлығы Петропавл қаласынан. Аудандардағы жағдай тіпті қиын. Ал уақыт өткен сайын өңірде дамуында ауытқуы бар балалар саны артып барады.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев