Хабар телеарнасы

Алматыда автогаз тапшылығы туындап отыр

Қаладағы жүздеген бекетттердің көбінде «газ жоқ» деген қағаз ілінген. Бірқатары талонмен ғана сатып отыр. Мұндай жағдай осыған дейін еліміздің өзге өңірлерінде де болған.

Алматы қаласының тұрғыны Ермұхан Қаратаев өткен жылы көлігіне газ қондырғысын орнатқан болатын. Себебі газ арзан әрі оңай табылушы еді. Ол кезде автогаздың бір литрі 65 теңгеден сатылыпты. «Көгілдір отын құны бір жылда Алматыда екі есеге қымбаттағаны былай тұрсын, автогаздың өзін іздеп жүретін хәлге жеттік», – дейді Ермұхан.

Ермұхан Қаратаев, қала тұрғыны:

- Екі-үш күн болды газ еш жерде жоқ. Мен осы Қаскелеңнен бері қарай келе жатырмын, осы оныншы жанармай бекеті шығар кіргенім, қазір осында ғана бар екен. Көп жерде талонмен. Бұл жерде қазір «116 теңге» деп тұр ғой.

Көлік иелерінің айтуынша, автогаз тапшылығы өткен аптада басталған. Көптеген бекеттер «газ жоқ» деген жазбаны терезелеріне іліп тастапты. Ал бірқатары тек талонмен ғана сатуға көшкен. Оған қоса, көгілдір отынның құны бір аптада 100 теңгеден 135 теңгеге дейін қымбаттап кеткен.

Статистика бойынша Алматыда жарты миллионға жуық автокөлік тіркелген. Оның мыңнан астамы газға ауысқан. Ал республика бойынша газбен жүретін көліктердің саны 300 мыңнан асады екен. Тапшылық барлық өңірде байқалып отыр. Энергетика министрлігі көгілдір отынның жетіспеушілігін газбен жүретін көліктер санының артуымен және сұйытылған газ өндіретін қос зауыттың бір уақытта жөндеу жұмыстарына жабылуымен түсіндірді.

Мұрат Жүребеков, ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары:

- Павлодар мұнай өңдеу зауытын жөндеуге шығардық. Бірақ ТШО-ны айтып кетсек, «Теңізшевройл» ЖШС ол – үш жылда бір рет қана шығатын күрделі жөндеу жұмыстары. Сол мерзім биылға тап болды. Сол себептен соның зардабы болып отыр.

Министр орынбасарының айтуынша, қазір ішкі нарыққа қажетті автогаздың 70% электронды сауда алаңында сатылады екен. 1 литр газдың құны – 90 теңге. Әрі қарай тасымалдаушылар мен бөлшек саудамен айналысатын бекеттердің табысы қосылады. Министрлік өкілі заводтардағы жөндеу жұмыстары аяқталса6 автогаз мәселесі тұрақталады деп сендірді.

 Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов