Хабар телеарнасы

Маңғыстауда 30 жыл бұрын жүргізілген газ құбыры тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп тұр

Осыдан 30 жыл бұрын жер астымен жүргізілген газ құбыры әбден тозып, тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп тұр. Жергілікті әкімдік бұл мәселеден хабардар әрине, бірақ оны шешуге қаржының қолбайлау болып тұрғанын айтады.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- Минаның үстінде отырған ауыл. Ақтау қаласынан 18 шақырымда орналасқан Қызылтөбе ауылының қазіргі күйін осылай сипаттауға болады. Осыдан 30 жыл бұрын жер астымен тартылған газ құбырының әбден тозығы жеткен, жергілікті тұрғындар жарылып кете ме деп жанын шүберекке түйіп отыр.

Үреймен өмір сүріп жүргендердің бірі – Бақыт Тәшенов. Қызылтөбе ауылының байырғы тұрғыны.

Бақыт Тәшенов, Қызылтөбе ауылының тұрғыны:

- Шіритін уақыты болды. Уланып қалуы мүмкін, біреу отырып, темекі тастап жіберсе, өрт болып кетуі мүмкін, жарылса бітті.  

 Ауылдың 9 көшесіне газ құбыры тоқсаныншы жылдардың басында тартылған. Содан бері 30 жыл өтті. Жағдайы барлар ескі құбырды өз ақшасына ауыстырып жатыр.

Нұрсәуле Өтесінова, Қызылтөбе ауылының тұрғыны:

- Мынау апа-жездемнің үйі. Бір күні дәретхананы қазып жатқанда келсем, топырағы көкпенбек күл сияқты болып кеткен. Қасқа, мынау не зат десем, иісі жаман, астынан газ шығып жатыр екен ғой. Газ топырақты өзгертіп жіберген. Содан кейін мен өзім уайымдайтын болдым.

Бердібек Балқожаев, Қызылтөбе ауылының тұрғыны:

- Газ деген ойыншық зат емес қой. Күйіп жатқан адамдар да бар. Бұл енді жарылса, білмеймін енді.

Ауылдағы көшелердің біріне жер үстімен газ құбыры тартылған. Бірақ 10 шақты жыл бұрын басталған құрылыс ақыры аяқсыз қалыпты. Мұны Мұнайлы ауданының басшылығы да растап отыр. Айтуларынша, мердігер жобаны өз қаржысына бастап, аяқтамай кеткен. Ал газ құбырларын жердің үстіне шығару қомақты қаржыны талап етеді.    

Нұрбек Қарасаев, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары:

- Мұнайлы әкімдігі тарапынан толық жұмыстар жасалды. ПСД-сы жасалды, экспертизасы облыстық бюджетке толық ұсынылды. Енді күтіп отырмыз.

Мәселенің шешімі ­– 700 млн теңге. Ендігі жауап – облыстық әкімдіктен. Ақша бөлсе, келер жылы құбырлар ауыстырылады. Бірақ ауыл тұрғындары оған дейін әкім ауысып кете ме деп алаңдап отыр. 

Үмітай Досмағамбетова, Қызылтөбе ауылының тұрғыны:

- Әкім ауысқанмен, тұрба ауыспай жатыр.

Қызылтөбе ауылының бір проблемасы газ емес. Су жоқ, тасып ішіп, сатып алып отыр. Бұл енді өз алдына жеке мәселе.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Саламат Бекбаев