Хабар телеарнасы

Электросамокат тебушілердің қатысуымен 15 жол көлік оқиғасы болған

Қазір мәселенің ақ-қарасын құзырлы орган өкілдері пысықтап жатыр. Яғни скутерлерге қатысты жол ережесі бекітіледі.

Бүгінде бас қалада қос дөңгелекті көлікті жалға беретін екі компания жұмыс істейді. Бірінің қызметкерімен сөйлестік. Олардың 550 скутері бар екен. Ай соңында тағы 200-ден астамын алып келеді. Соған қарағанда сұраныс бар сияқты. Күніне шамамен 300 адам пайдаланады.

Рамазан Тұтқабай, электросамокатты жалға беретін компания өкілі:

 - Тұтынушыларымыз қолданатын арнайы бағдарламамыз бар. Сонда барлығы жазылған. Яғни ол адамның жасы 18-ден жоғары болуы тиіс. Самокатты екі адам айдамауы керек. Қазір адамдардың көбі осы транспорт түріне ауысып жатыр. Сондықтан қала ішіндегі жолдарды кеңейтсе жақсы болар еді. Біз жалға алушы кісіге жауап береміз деп толықтай айта алмаймыз.

Скутермен велосипед жолымен жүруге рұқсат. Бірақ мұндай жолдың басым бөлігі тек қаланың сол жағалауында. Оның өзінде кей көшелерден ғана көресің. Біздің елде самокатпен көшеде жүруге тыйым салынған. Сондықтан жаяу жүргінші жолымен ызғытады.

Қазір самокат тебетіндердің көбі саябақта жүреді. Арнайы жолы бар. Сәйкесінше, скутер тізгіндеген жандардың жаяу жүргіншілерге де айтары бар екен.

Бірлік Берікұлы, тілші:

 - Жалпы қала тұрғындары саябақта серуендеу мәдениетін көп ұстана бермейді. Мәселен, мына қызыл жолақ велосипед пен самокатқа арналған жол. Ал мына жасыл – жүгіретін адамдарға. Ал арғы жағындағы жолдың бөлшегі серуендеп жүрген адамдарға арналған.

Бұл скутердің жылдамдығы сағатына 20 шақырым. Соқтығысқан жағдайда денеге зақым келтіреді. Жыл басынан бері 15 осындай оқиға тіркеліпті. Әйтеуір адам өлімі тіркелмеген. Қазір министрлік өкілдері самокатқа қатысты нақты ережені бекітіп жатыр. Маусым айында Ерлан Тұрғымбаев осылай деген. Әлі дайын емес секілді. Себебі құзырлы органнан жауап жоқ. Белгілісі сол, самокатты 16 жастан асқандар ғана тізгіндеуі керек.