Хабар телеарнасы

ҚР Ұлттық банкі: жыл басынан бері елімізде 760 мың теңгені құрайтын жалған ақша айналымнан алынды

Себебі қазақстандықтар қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көше бастады. Десе де мамандар жалған банкнотты шын ақшадан қалай ажыратуға болатынын айтып, алданып қалмаудың жолдарын түсіндірді.

Биыл қаңтар-наурыз айлары аралығында Ұлттық банк қолдан жасалған 236 банкнотты айналымнан алып отыр. Ресми дерекке сүйенсек, алаяқтар көбіне 2 мың мен 5 мың теңгелік банкноттарды қолдан жасайды екен. Себебі ол номиналдар айналымда жиі жүреді.

Асхат Әбішев, ҚР ҰБ қолма-қол ақша айналымы департаменті басқармасының басшысы:

- Жалған ақшалардың ішінде 2 мың теңге жиі кездеседі, 65% – 5 мың теңге, қалған банкноттар мен монеталар 12% құрайды. Көбінесе жалған ақшалар Алматы қаласында табылып жатыр (169 дана). Ең аз табылған жерлер – Қызылорда мен Жамбыл облыстары.

Нағыз ақшаны жалған банкноттан ажырату үшін бірнеше белгісін білу қажет. Олардың негізгі бөлігі жеңіл технологиямен жасалады. Арнайы жабдықсыз-ақ қолмен ұстап, мұқият қарап та анықтауға болады.

Асхат Әбішев, ҚР ҰБ қолма-қол ақша айналымы департаменті басқармасының басшысы:

- Ажырату үшін оны қолмен сезу керек. Біріншіден, банкноттың өзінің шытыры бар, екіншіден, бетіне шығып тұрған бедер-бояулары бар, «Қазақстан Ұлттық банкі» деген номиналы бар. Жарыққа тосып қарағанда су тамыры белгісі мен үзік-үзік жіптері бар. Әр банкноталардың өзінде алтынмен жасалған бояу бар.

Ұлттық банк айналымдағы ақшалардың бет-бедерін жиі ауыстырады. «Бұл жалған банкноттардың көбеюіне тосқауыл болады», – дейді мамандар.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Аманжол Байғазин