Хабар телеарнасы

Ashyq мобильді қосымшасының кәсіпкерлерге тигізер пайдасы қандай?

Тіпті алдағы уақытта олардың жұмысын алмастыруы мүмкін. Өйткені осы жүйе арқылы ғимараттағы адамдар саны мен кәсіпкерлердің жұмыс уақытын бақылау оңай. Әрі карантиндік шараларды кәсіпкерлердің қаншалықты сақтап жатқаны жүйеден белгілі. Нақтыласақ, қазір елде 1000-нан аса мониторингтік топ бар. Мобильді қосымша карантин кезінде кәсіпкерлерге еркін жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Бұл пікірді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасындағылар айтты. Десе де Ashyq мобильді қосымшасына біздегі көпшілік тіксіне қарайды.

Қазір қоғамда қате пікір қалыптасқан. Ashyq мобильді қосымшасы халықтың жүріс-тұрысын шектейді деп есептейді. Шындығында олай емес. Себебі қосымша кәсіп иесіне коронавируспен ауырғандар туралы ғана ақпарат береді. Яғни «қызыл түс» – адам вирус жұқтырған деген сөз. Ол үйден шықпауы тиіс. «Сары түс» келушінің науқаспен байланыста болғанын көрсетеді. «Көк түс» жүріп-тұруына шектеу жоқ екенін білдіреді. «Жасыл түс» ПТР тест тапсырып, нәтижесі теріс шыққан адамдар үшін жанады. Кәсіпкерлер: «Ғимаратқа QR-код арқылы кіру карантин кезінде еркін жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – дейді.

Ұлжан Сатай, фитнес орталықтың өкілі:

 - Қосымша өте қолайлы. Біріншіден, адамдар өздерінің денсаулығын қадағалайды. Екіншіден, айналасында ауру адам бар не жоғын біле алады.

Қазір 130 кәсіп иесі осы бағдарламаға қатысып отыр. Олар: фитнес-клубтар, SPA-орталықтар, сауналар, бассейндер мен компьютерлік және боулингтік клубтар. Бір жарым ай бұрын қолға алынған жоба әзірге үш қалада, яғни Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағандыда сынақ түрінде жүзеге асырылуда. Қосымшаны қолдану өте оңай. Тек телефонға жүктеп, жеке сәйкестендіру нөмірін енгізу қажет. Ғимаратқа кірерде кәсіп иесіне берілген QR-кодты сканерлеп, шығарда осы қадамды қайталау керек. Егер оған көнбесеңіз, өз еркіңіз. Ешкім мәжбүрлемейді. Бірақ сізді ғимаратқа кіргізбеуі бек мүмкін.

Жобаға жауаптылардың сөзінше, мобильді қосымша халықтың жеке бас мәліметтерінің қолды болуына мүмкіндік бермейді. Тек көпшілік жиналатын орындарда вирустың таралуын тежеуге ғана сеп болады.

Нариман Әбілшайықов, ҚР «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

 - Бұл жоба бойынша ақпарат Денсаулық сақтау министрлігінің базасында ғана тіркеледі. Онда кәсіпкердің немесе жеке бір бөгде тұлғаның кіріс құжаттары жоқ. Осы жобаға тіркелген адамдардың ақпараты басқа органдарда жинақталмайды.

Сайып келгенде, бұл үдерісті уақыттың талабы деп түсіну керек. Жеке бастың мүддесі емес, қазір бүкіл қоғамның саулығы басты назарда. Егер сіздің вирусты өзгелерге жұқтыру ниетіңіз болмаса, Аshyq мобильді қосымшасын қолданудан ешқандай қауіп жоқ.

Авторлары: Зайнұр Байжігіт, Азамат Сәметов