Хабар телеарнасы

Мүгедектерге көмектесіп жүрген жандар тұрақты орынға мұқтаж

Арбаға таңылғандар қоғамнан қалыс қалмай еңбектенсе жақсы ғой. Президент тапсырмасы бойынша 2025 жылға таман жұмысқа жұмылдырылған мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үлесі 30% қамтуы тиіс. Мүгедекпін демей, қиындыққа бас имеген жандар бар. Ең қызығы, өздері кембағал бола тұра, өзге кемтар жандардың арбасын жөндеп беріп жүр екен.

Жазмыштан озмыш жоқ. Өскемендік Дәурен Алқанов 2013 жылы көлік апатына ұшырап, жарымжан болып қалған. Бірақ мүгедектікті мехнат көріп, масыл болғысы келмейді. Орда бұзар отыз жастан асқан жас жігіт арбаға таңылғалы бері мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қол ұшын беруді ойлап жүрген. Соның реті келіп, былтыр мүгедектер арбасын жөндеуге құрал-жабдық алуға мемлекетке өтініш тапсырған.

Дәурен Алқанов, I топтағы мүгедек:

- 2013 жылы көлік апатынан арбаға таңылдым, 2018 жылы Алматы қаласына көшіп келіп, осында маған неміс арбасын берді. Ол арба екі-үш айдың ішінде сынып, шашыла бастады. Сол кезде маған мүгедек арбаларын жөндеуге ой келді. Әкімдік грантына ұсыныс жасадым.

Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы бойынша былтыр маусымда 3 млн теңгеден астам қайтарымсыз грант ұтып алған. Ол қаражатқа толықтай жөндеу техникасын сатып алған. Сөйтіп, Жақсылық есімді ІІІ топтағы мүгедек жолдасымен бірге мүмкіндігі шектеулі азаматтардың арбасын тегін жөндеумен айналысып жүр. Бірер айда 15 арбаны жөндеп үлгерген. «Тек ғимаратты жалдау қиындық тудырады», – дейді. Оның ай сайынғы 70 мың теңге төлемін досы екеуі мүгедектігі үшін алатын жәрдемақы есебінен бөліп төлеп келеді.

Дәурен Алқанов, I топтағы мүгедек:

- Мемлекеттің бір көмегі болса, аренда жағы қиын болып тұр. Ай сайын келіп тұрады. Біздің қағида – мүгедектерден ақша алмау. Мемлекет көмек берсе, әрі қарай жұмыс істеп жүре беруші едік. Демеушілер болса, құрал-саймандар алар едік.

Жалпы ел бойынша мүгедектер арбасын жөндеу мәселесі бар екенін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де мойындап отыр.

Сырым Нәси, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департамент директорының орынбасары:

- Алматы қаласы бойынша ашылған жұмыс орын кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы бойынша 3 млн көлемінде мемлекет тарыпанан грант берілген. Ғимараттың алып отырған төлемін төлеу үшін қарастырылған. Қазіргі уақытта өз жұмыстарын жалғастыруда, олардың әрі қарай дамуына жергілікті органдардан кеңес ретінде көмек көрсету болады.

Арбаны жөндеуге кеткен шығынды да бюджетке енгізу жоспарда бар. Ал әзірге Павлодар, Жамбыл облыстары мен елордада мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша серпінді жобалар қолға алынған. Қазір Қазақстанда 24 мың адам арбаға мұқтаж. Мемлекет 20 мыңына сатып алған, қалғаны тапсырысын күтіп отыр.

Ал тағдыр тауқыметіне мойымай, оны сынақ деп қабылдаған Дәурен мен Жақсылық көп азаматқа үлгі.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Еламан Райымбеков, Нұрдәулет Жақсыбаев