Хабар телеарнасы

Жамбыл облысында мал қырылып жатыр

Жамбыл облысы Майтөбе ауылында белгісіз аурудан мал қырылып жатыр. Мамандар малдан сынама алған. Дегенмен олар нақты неден өлгенін дөп басып айта алмай отыр. 

Айткүл Бөбеева үшін мал — жалғыз табыс көзі. Жеті баланы асырау үшін ол сүт өнімдерін сатады. Бүгінде 6 сиыры бар. Ал оның жартысы белгісіз ауруға шалдыққан.

Айткүл Бөбеева, Майтөбе ауылының тұрғыны:
-Бір сиыр жас болды да, оны үйтіп-бүйтіп жазып алдық. Мынау екінші сиыр. Мұны да ветеринар врачтар емдеп жатыр. Бірақ емдегенде де білмейді толық диагнозын. Қазір поляда үшінші сиырым ауырып жатыр дейді, алып кетіңдер деп жатыр.

Ауылдағы жағдай көпті алаңдатып отыр. Ауырып, жатып қалған мал әр үйде бар. Тұрғындардың айтуынша, қыркүйек айының басынан бері белгісіз кеселден отызға тарта сиыр мен жүзге жуық қой қырылған.

Рима Әбдиева, Майтөбе ауылының тұрғыны:
-Мына жақтың барлығы жайылым. Оған дезинфекция жасау керек. Дезинфекция жасамаса болмайды. Бұл кене арқылы келуі мүмкін. Шөп арқылы да, су арқылы да келуі мүмкін. Сондықтан алдын алып, дабыл қағып мына жоғары жақта отырғандар ешқандай тірлік жасап жатқан жоқ. 

Бақтыбай Есенбаев, Майтөбе ауылының тұрғыны:
-Мысалы менің өз басымнан үш бас өлді. Белгілері қандай болғанда, температурасы көтеріледі. Егер де білмей қалып укол салмасаң өліп кетеді бір күннен кейін. 

Мал дәрігерлері белгісіз індет адамға жұқпайды дейді. Дегенмен де ауру малдың сүті мен етін пайдаланбауға кеңес береді.

Жарқын Қалмаханов, Талас аудандық ветеринариялық станциясының директоры:
-Менің тұжырымымда бұл – лептоспироз. Лептоспироз дегеніміз – сарыбезгек, сары аурудың бір түрі. Бір айдың ішінде бес мал өлді. менің білгенім, көргенім бес мал. Ал енді халықтан сұрасақ 20-30 дейді. Ал ондайды мен көргенім жоқ. Меніңше ол жалған ақпарат. 

Қазіргі таңда жауаптылар дәрі егілмеген малдан сынама алып, оны Алматы қаласындағы ветеринария бойынша ұлттық референттік орталыққа жібермек. Қорытындысы екі аптада дайын болады. Егер диагнозы қауіпті деген аурулардың қатарында болса, онда халыққа өлген мал үшін өтемақы төленеді.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Анастасия Сулейманова, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев