Хабар телеарнасы

Қарағандылық криминалистикалық зерттеу шебері көптеген қылмысты ашуға мүмкіндік берді

Өрімдей қыздың бұл салада жеті бірдей рұқсаты бар екен. Әзірге ол – мұндай жетістікке жеткен өңірдегі жалғыз адам. Соның нәтижесінде көптеген қылмысты жедел ашуға мүмкіндік туып жатыр.

Арника Тисбаева Ресейдегі ЖОО-ны қызыл дипломмен тәмамдап, еңбек жолын туған өлкесінен бастауды жөн көрген. Небәрі 22 жастағы өрімдей қыз – қазір Полиция департаментіндегі құнды маманның бірі. Себебі ол – криминалистік зерттеулер жүргізуге жеті бірдей рұқсаты бар әзірге облыстағы жалғыз адам.

Бейнекамераға сапасыз жазылған қылмыскерлердің бейнесін Арника оп-оңай анықтап береді. Ол үшін түрлі әдістемелер қолданады екен. Тіпті бет-жүзі тұмшаланған адамның да түр-сипатын аудырмай шығара алады.

Арника Тисбаева, криминалист:

- Қазір елдің барлығы бетпердемен жүреді. Бірақ бұл жұмысымызға еш кедергі емес. Аузы жабық болғанымен, көзі, қабағы, маңдайы, құлағы, шашы ашық қалады ғой. Сондықтан бетперденің арғы жағындағы адамның бейнесін шығару қиынға соқпайды. Яғни қылмыскерлерді бетперде құтқармайды дегім келеді.

Құнды маманның тағы бір қыры қолтаңбамен және банкноттармен жұмыс істейді. Оның түпнұсқадан айырмасын анықтайды. Түрлі себептермен өшіп қалған жазуларды да қайта қалпына келтірудің шебері екен.

Бауыржан Қалыбеков, Жедел-криминалистикалық басқармасы бастығының орынбасары:

- Бұл – өте жақсы жаңалық. Өйткені бұрын бізде мұндай маман болған жоқ. Сондықтан үлкен көмегі тиіп жатыр. Қазір бұл балаға мүмкіндік беріп жатырмыз, яғни теориялық білімін практикалық түрде іске асыруға болады.

Басқарма басшылары бұрын мұндай криминалистикалық зерттеулерді өзге қалаға жіберуге мәжбүр болған. Қазір Арниканың көмегімен өздері жасайды. «Бұл көптеген қылмысты жедел ашуға мүмкіндік берді», – дейді.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев