Хабар телеарнасы

Қарағанды медицина университетінде 400 орындық жатақхана ашылды

Жаңа оқу жылы басталғалы жаңадан 6 студенттер үйі қолданысқа берілді. Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің мәлімдеуінше, жыл соңына дейін 26 құрылысы аяқталады. Елімізде жалпы 427 жатақхана бар. Соның бірнешеуіне күрделі жөндеу жүргізілген. Десек те әлі де жатақхана жағалаған студенттер бар. Олардың жайы не болады?

Қарағандыда медицина университетінде 400 студентке арналған жатақхана ашылды. Жауаптылардың айтуынша, бұл – болашақ дәрігерлерге студенттік үй ретінде берілген 7 нысан. Бөлмелер екі адамға арналған. Одан бөлек, тоғызқабатты ғимаратта барлық қажетті техникалар, оқу бөлмесі, спорт және музыка залдары бар.

Сондай-ақ Алматыда 400 орынға есептелген жатақхана ашылды. Алматы технологиялық университеті қарауындағы ғимаратқа жөндеу жүргізіп, студенттер игілігіне берді. Тұрмысқа қажетті бұйымдармен жабдықтап, интернет желісіне қосты. Қала әкімдігінің мәліметінше, жатақхана мәселесін толық шешу үшін арнайы жобалау офисі құрылған.

Арман Қырықбаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары: 
- Жобалық офис жұмыс істеген уақыттан бері 100-ден астам инвестор келді. Соның 42 бойынша бүгінгі күні шешім бар. Яғни олардың салатын жері бар немесе бұрыннан салынып қойған, бірақ қазір жатақхана болып есептелмейтін басқа санаттағы өздерінің ғимараттары бар, соларды қайтадан реттеп, қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

Бұған қоса 190 хостел студенттік үйге айналды. Жауаптылардың айтуынша, алдағы уақытта мұндай орындардың қатары тағы көбейтілмек. Мәселен, педагогтарды дайындайтын білім ордасы 1 мың 800 студентті хостелға орналастырды.

Шыңғыс Нұрланов, «Абай атындағы ҚАЗҰПУ» ҚЕАҚ әлеуметтік даму жөніндегі проректоры:- 3 200 астам өтініштер келіп түсті. Министрдің бұйрығына сәйкес белгілі бір санатттарға сол 2 мың орынды үйлестіріп бердік. Бірінші кезекте ата-анасының қамқорлығынан айрылған, яғни толық жетім студенттер, 1,2 группада мүгедектігі бар студенттер, бала кезінен мүгедектігі бар студенттер. Ол студенттердің курсына қарамай бердік.

Барлық хостелдің жайы, бірдей жайлы емес. Мәселен, елордадағы қауіпсіздік шараларын тексеру мақсатында мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде, сапасы сын көтермейтіндері де табылды. 4 колледжге тиесілі хостелдың көрінісі мынадай:

Мағзұм Арсланбек, Астана қаласы «Жастар рухы» МК филиалының төрағасы: 
- Былтыр да, келгенде уәде берген. Бәрін өзгертіп, үлкен жөндеу жұмыстарын жасаймыз деп. Бірақ студенттерге тапсыруға әлі дайын емес. Біз екі аптадан соң қайта келіп, тексеретін боламыз. Біздің басты мақсат –студенттердің жақсы жерге орналасып, сабақтарына кедергі болмайтындай орындарды талап ету.

Жауаптылардың айтуынша, олқылықты толтыру үшін жасалған күрделі жөндеу жұмыстары биыл кеш басталыпты.

Жанар Құсайынова, М.Жұмабаев атындағы халықаралық колледж директорының оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары: 
- Мағжан Жұмабаев атындағы халықаралық колледжінен 350 студент келеді. Студенттер тарапынан жатаханаға байланысты келіспейтін тұстары болса, міндетті түрде олар қаралған болатын. Биыл да солай болады. Мәселен, биыл хостелды беруші кәсіпкер, жататын орын мен сабақ оқитын жерлерді жаңартып жатқанын айтты. Бәрі дұрыс болады деп үміттенеміз.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегінше, биыл 19 мың 800 астам студенттерге орын жетіспеушілігі байқалады. Оның 13 мыңы Алматы қаласында. Елордада орын жетіспеушілік 2 мыңнан жоғары. Ал Петропавл, Абай мен Түркістан өңірлерінде антикөрсеткіш мыңнан асады.

Ержан Байтанаев, ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің ресми өкілі:
- Бүгінгі күні министрліктің тарапынан алдымен осы мәселені шешу бағытында ең бірінші – бизнес өкілдерімен келісімге келдік. Қаржы орталығы арқылы. Жатақхана құрылысын жүргізуге. Ғимараттар болса, жатақханаға айналдыруға келісімге келді. Өткен аптада Алматы қаласындағы жағдай бойынша 60 жуық хосталмен келісімге келген болсақ, бұл аптадан оның саны 110 көтерілді. Келісімді әрі қарай дамытып, жатақхана жетіспеулігін төмендетеміз.

Диана Қадыр, тілші:
- «Білім туралы» жаңа заң нормасы бойынша басқа өңірлерден келген білім алушылардың кемінде 70% жатақхана, хостел, қонақ үйлерге орналастыру керек. Қалған студенттер ахуал орталығындағы орындарға уақытша жайғастырылады.

Авторлары: Диана Қадыр, Нұрлан Малгелдинов