Хабар телеарнасы

Алматы қаласының ортасында отырып, пәтерді көмірмен жылытады

Іле Алатауының баурайында орналасқан шағын ауданда газ да, су да, жол да жоқ. Тіпті мұндағы үйлер қаладағы жылыту және кәріз жүйелеріне қосылмаған. Сонда тұрғындар осы уақытқа дейін қалай өмір сүріп келген? Бұл аймаққа әкімшілік неге көңіл бөлмеген?

Көкшоқыны көпшілік біле бермеуі мүмкін. Ал шеберлер ауылы десеңіз, ел елең ете қалады. Өйткені мұнда он саусағынан өнер тамған зергерлер тұрады. Көкшоқының табиғаты тамаша, ауасы таза демесеңіз, тұрғындарының көңілі пәс. Талай жылдан бері толарсақтан су кешіп келеді екен.

Сәуле Серікбаева, Көкшоқы тұрғыны:

- Көкшоқыда тұрғанымызға 30 жыл болыпты. Ең бастысы, жарық мәселесі, екіншіден, газ жүргізу, жылу жүйесін қосу, мына аялдамадан келетін жарық жоқ. Мына екі орта қараңғы, балалар қорқады.

Жадыра Әбдібаева, Көкшоқы тұрғыны:

- Мұнда 50 жанұя тұрады. Әр отбасыда 3-4 оқушыдан бар. Балабақшаға баратындары қаншама. Бізге қоғамдық көлік те қатынамайды. Жалғыз №28 маршрут бар. Оның өзі біздің ауданға кірмейді. Балаларымыз жарықта шығып, қас қарайғанда келеді. Жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Қаңғыған иттер көп дегендей.

Көкшоқы 2014 жылы облыстан қалаға өткен. Алматыдағы Бостандық ауданына қарайды. Содан бері тұрғындар талай табалдырықты тоздырып, арыз-шағымдарын айтса да, уәдеден басқа ештеңе көргеніміз жоқ дейді. Газ құбырының тартылғанына екі жыл болыпты, бірақ әлі қосылмаған. Көпқабатты үйдегілер пеш орнатып, көмір жағып келген. Ауызсуды бұлақтан алып ішеміз дейді. Біздің түсірілім тобы келгеннен кейін осы жерден әкім бой көрсетті.

Серік Әділбаев, Бостандық ауданы әкімінің орынбасары:

- Қала тарапынан су мен кәріз жүйелері жасалынған. Қазіргі уақытта қосылу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жылдың аяғы, яғни қараша айына дейін су мен кәріз жүйелері толығымен қосылады. Ал газ жүйелеріне қосылу жұмыстары қарастырылып жатыр. Газды қосу үшін бұл кісілерден қазір техусловие алу керек. Ал оны алу үшін құжаттары дұрыс болуы керек.

Шенеуніктердің сөзінен түсінгеніміз, мұнда көптеген үй заңдастырылмаған көрінеді. Дегенмен «қарашаға дейін қатырамыз» деп уәде берді. Ал тұрғындар әлі де сенбейді. Өйткені құр уәдеге әбден тойып келген. Көкшоқыда бес көпқабатты және тоғыз жер үй бар. Тұрғындардың бар ойы – көпқабатқа көмір тасымай, адамша өмір сүру.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Мұхит Құдықбаев